Жетісу облысы бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаға жұмсалып жатыр
Бүгін Жетісу өңірінде облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясы өтті. Онда облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Аймақ басшысы 8 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 112,4 пайызды құрап, облыс бюджетінің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалғанын айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауылшаруашылығында өсім 2,4%, тұрғын үйді пайдалануға беру 20,6%, құрылыс жұмыстары 1,3 есе және сауда көлемі 1,4 есе өсті. 1,3 есе өсіммен 218,4 млрд, теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестициялар 154,9 млрд. теңгені құрайды. Бұл ретте ауылшаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 44,3 мың гектарға артып, егіс көлемі 510,1 мың гектарға жетті. Барлығы 2,0 млн. тонна егін жинау жоспарлануда.
– Халық қалаулыларының бұқарамен жүргізген мақсатты жұмысының нәтижесінде бізге 40 депутаттық сауал түсті. Оның 20-сы қанағаттандырылды. Яғни, қаржылық қолдау тапты. Бұл – халық игілігіне бағытталған бірлескен, ашық жұмыстың жемісі. Ел Президенті атап көрсеткендей, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға тікелей әсер ететін нақты істер мен жетістіктер қажет. Бұл ең алдымен ауыз су, жол, газ, тұрғын үй. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша 8 айдың қорытындысында Жетісу облысы республикада 1 орынды иеленді. Біз жыл соңына дейін, оның ішінде халықтың қолдауының және депутаттардың ықпал етуінің нәтижесніде осы жұмыс қарқынын сақтап қалуды көздеп отырмыз, – деді Б. Исабаев.
Облыс бюджетінің 50 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалатынын тілге тиек еткен Бейбіт Исабаев 2022 жылдан бастап 2024 жылдың қорытындысы бойынша мектептердің жаңартылу деңгейі 36,8 пайызды құрайтынын айтты. Жөндеуге жататын 261 денсаулық сақтау нысанының 2022 жылдан бастап 36,8 пайызды құрайтынын жеткізді. Бұл облыс аумағындағы денсаулық сақтау нысандарының 136 немесе 52% жаңартылғанын айғақтайды. Сондай-ақ, спорт саласында бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 71,4 пайызға, мәдениет саласында 36,2 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Биыл облыстағы 24 елді мекеннің тұрғындары, келесі жылы тағы 63 елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді.
Облыс әкімі сессия барысында депутаттардан түскен кедергісіз орта қалыптастыру, мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы сұрақтарға жауап берді. Мысалы, Бақтыбай ауылындағы С. Сейфуллин, Басқұншы ауылындағы Мәдениет үйінің мәселелері көтерілді. Бейбіт Исабаев жауапты тұлғаларға келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Сессия отырысында депутаттар бюджетті нақтылау және өзгерістер енгізу мәселесін қарады. Бүгінде облыстық бюджет 574 млрд. теңгені құрады. Алдағы уақытта білім беру нысандарын, денсаулық сақтауды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, көлік инфрақұрылымын, су шаруашылығын, мәдениет, спорт және туризм салаларын дамытуға қосымша қаражат қарастырылатын болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -