Жетісу облысында Көрісу күні – «Амал» мерекесіне мыңнан астам адам қатысты
Жетісу облысында Наурызнама онкүндігі бүгін Көрісу күні – «Амал» мерекесімен басталып, оған 1 мыңнан астам адам қатысты. Бұл ретте Талдықорғандағы Б.Римова театрының алаңында өткен іс-шараға 200-ге жуық адам қатысып, мерекеге жиналған қауымды облыс әкімінің атынан орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өнер ордасы алдындағы алаң ұлттық нақышта безендіріліп, Талдықорған театрының әртістері театрландырылған көрініс ұсынды. Көрініс барысында өмірге келген сәбиге ат қою рәсімі атқарылып, адамдардың бір-бірін құрметтеу салты көпшілікке паш етілді. Атап айтқанда, үлкендердің құшақтасып көрісуі, келіннің сәлем салуы, ақсақалдың бата беруі, балаға ат қою сияқты дәстүрлер дәріптелді.
Бұдан әрі мерекелік шара Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Амал мерекесіне қатысқан ақсақалдардың бірі Серік Нұрхалық:
- Бала кезімізде наурызда үлкендер жағы бір-бірімен қол алысып, «Жасың құтты болсын» деп құшақтасып жататын. Ауыл балалары үй-үйді аралап, үлкендердің берген тәттілерін қалтасына сыйғыза алмай, бала көңілмен марқайып, бір жасап қалатынбыз. Көрісу мерекесі негізінен еліміздің батыс облыстарында кең тараған. Осы күннің Наурыз мерекесінің бастауы ретінде қайтадан жанданып жатқанынан қуанамыз, - дейді.
Осы күні облыстың барлық аудан-қалаларында мерекелік концерт, театрландырылған көріністер, кездесулер өтіп жатыр.
Еске салсақ, Президенттің бастамасымен өткен жылдан бері 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі белгіленіп, оның әр күні өз атауына сай тақырыптарды дәріптейді. Онкүндіктің басы 14 наурыз Көрісу күні, «Амал» мерекесі деп аталды. Бұл - адамдардың бір-біріне деген құрметі артып, өкпе-реніштері кешіріліп, құшақтасып қауышатын күні.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -