2 қыркүйекте Қазақстанда Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу басталды
2024 жылдың 2 қыркүйегі мен 29 қарашасы аралығында Қазақстанда Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) өтеді. Сауалнама еліміздің 20 өңіріндегі 24 мың үй шаруашылығында жүргізіледі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық статистика Бюросының ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов мәлім етті.
MICS зерттеуі Қазақстанда төртінші рет өтуде. Бұған дейін ол 2006, 2010 және 2015 жылдары жүргізілген.
MICS 2024-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын бағалау және бақылау, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері туралы сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді. Зерттеу аясында респонденттерге денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да аспектілерге қатысты сұрақтар қойылады.
Әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамада, атап айтқанда, жұмысқа орналасу және білім алу, сондай-ақ неке және психикасаулығы туралы сұрақтар бар. Сонымен қатар әйелдерге арналған сауалнамада босануға және босанғаннан кейінгі күтімге қатысты сұрақтар бар. 5 жасқа дейінгі балаларға арналған сауалнама өз кезегінде ерте даму және баланың тәртібі туралы сұрақтарды қамтиды. 5-17 жас аралығындағы балаларға арналған сауалнамада бала еңбегіне, дағдыларды ерте дамыту және басқа да маңызды аспектілерге қатысты сұрақтар бар.
- Сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтетініне, алынған ақпарат анонимдігі қатаң сақталатынына және оның тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылатынына назар аударғымыз келеді. Сондықтан интревьюерлеріміз баратын үй шаруашылықтарын осы зерттеуге түсіністікпен қарауға шақырамыз. Респонденттер кез келгенсұраққа жауап беруден бас тарта алады немесекезкелген уақытта сұхбатты тоқтата алады, - деп атап өтті Ұлттық статистика Бюросының ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов.
Сұхбат алушылар Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар ерекше форма киіп, бейдж тағады.
Айта кетейік, Сауалнама ЮНИСЕФ, БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және Азия даму банкі қолдауымен жүргізіледі. 1996 жылы іске қосылғаннан бері 118 елде 355 МИКС зерттеуі өтті. Ағымдағы 7-ші раунд Қазақстанды қосқанда 27 мемлекетте болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -