2025 жылы Алматыда экономикалық өсім 6,4%-ға дейін жеделдейді деп болжануда
2023 жылы Алматы экономикасының рекордтық өсімі және жоғары база қалыптасуы аясында қала экономикасының қарқынды дамуы жалғасуда. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025-2027 жылдарға арналған бюджет бекітілген мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәлімдеді.
«2024 жылдың 10 айында Алматының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 5,2%-ға дейін жеделдеді. Бұл іскерлік және инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейімен бірге жүреді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 8,2%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 3,8 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды», – деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, Алматы экономикасының қарқынды дамуы қала кірістерінің өсуіне мүмкіндік берді. 2024 жылдың 11 айында Алматы бюджетіне 1 650 млрд теңге аударылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,8%-ға артық.
«Біздің болжамға сәйкес, 2024 жылы Алматы экономикасының өсімі 5,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,4%-ға дейін жеделдемек», – деді Алматы әкімі.
Экономиканың тұрақты өсуі аясында жергілікті бюджеттің кірістері де артып келеді. Бүгінде бюджеттің 95%-ы қаланың өз кірістерінен қалыптасуда.
«2025 жылға арналған Алматы бюджеті 2 трлн 177 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылдың басындағы 1 трлн 70 млрд теңгеден 2 есе көп», – деп сөзін қорытындылады Ерболат Досаев. Айта кетейік, Алматы бюджеті әлеуметтік бағытын сақтап келеді. Әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар 15%-ға немесе 110,6 млрд теңгеге ұлғайып, 851,9 млрд теңгеге жетті, бұл бюджет шығыстарының шамамен 40%-ы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -