«500 мың теңгеден аса табыс таптым»: елорда тұрғыны «JOLTAP» жобасы туралы айтты
Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасы жүріп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам елордалық түрлі мамандықтар бойынша оқыту курстарынан өткен. Ал оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Мәселен елордалық Нұрсұлтан Телтаев жоба аясында «Мобилография» курсын аяқтап, бүгінде табыс тауып жүр.
28 жастағы қала тұрғыны «JOLTAP» жобасына дейін аспазшы болып табыс тапқан. Бірақ денсаулығына байланысты жұмысын ауыстыруға тура келген.
«Мобилографияны меңгермей тұрып, 6 жыл бойы аспазшы болып жұмыс істедім. Сол уақытта да видео түсіруге деген қызығушылығым болды. Ал нарықта оған үйрететін курстар айына 300-350 мыңнан басталады. Бірақ ондай мүмкіндігім болған жоқ. Кейін денсаулығыма байланысты жұмыс орнын ауыстыруыма тура келді. Осылайша қала көшелерінде орналасқан пунктердің біріне кіріп, 14 мамандықтың ішінен «Мобилография» курсын таңдадым», - дейді Нұрсұлтан Телтаев.
Елорда тұрғыны 11 күн ішінде смартфон арқылы сәнді фото мен видеоларды түсіруді және оны монтаждап, дайын контент жасауды үйренген. Курсты тәмамдағанына бір айдан аса уақыт өтсе де, 4 жоба бойынша жұмыс істеп үлгеріпті.
«Курс барысында бастапқы мобилограф маманына қажет барлық керек-жарақ түрлері айтылып, түсірілім тәсілдері үйретілді. Біздің оқытушымыз осы саланың мықты маманы деуге болады. Біз 11 күн ішінде әдемі видео түсіріп, оны монтаждауды үйрендік. Оқу аяқталғаннан кейін сертификат берілді. Мен бірден тапсырыс алып, мобилограф ретінде табыс таба бастадым. Мәселен курсты бітіргеніме 1,5 ай болып қалды. Осы аралықта 4 жобадан ұсыныс түсіп, жалпы 500 мың теңгеден аса табыс таптым. Автоұйымдар мен бизнес-форумдардан видео түсірдім. Осы қысқа аралықта мобилография саласы арқылы түрлі адамдармен таныстым», - дейді елордалық жігіт.
Мобилограф Нұрсұлтан Телтаевтың сөзінше, «JOLTAP» жобасы жұмыссыз жандарға үлкен мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда жастардың жұмысқа орналасуы проблемаға айналып кетті деуге болады. Сол себепті «JOLTAP» жобасы халыққа нағыз керек жоба деп санаймын. Қаламызда жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жоба бар екенін білмейтіндер бар. Жұмыссыз жүрген жандар тегін мамандықты игеріп, кейін жұмысқа тұрып жатса жетістік емес пе?! Жақында басқа да қалаларда ашылады деп естідік, бұл халыққа беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Өзім әрқашан өзгелерге «JOLTAP» жобасының мүмкіндіктерін айтып жүремін. Жоба ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін», - дейді Нұрсұлтан Телтаев.
Айта кетейік, қатысушылардың таңдауына 14 мамандық ұсынылған. Ал оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды меңгеруге бағытталған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -