Айдарбек Сапаров түркістандық диқандарды мақта шаруашылығын дамытуға шақырды
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және агроөнеркәсіптік кешендердің жұмысымен танысты.
Министр бірқатар кәсіпорындарды, оның ішінде жылына 6 мың тонна көкөніс өндіретін заманауи «Аделя ШҚ» жылыжай кешенін аралады.
Жобаның құны 5,1 млрд теңгені құрайды. Кешен француздық RISHEL компаниясының автоматтандырылған қондырғыларымен жабдықталған. Өнімдер ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады.
Алдағы 5 жылда облыста су үнемдеу технологиясымен егістік алқаптарын 216 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды: «BNK Group», «Тұран Су».
Жыл сайын жергілікті шаруалар 100 мың гектарға дейін мақта егіп, осы жылы 300 мың тоннадан астам өнім алынды.«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС жұмыс сапары барысында Айдарбек Сапаров облыстың мақта шаруашылығындағы орасан зор әлеуетіне тоқталып, шаруаларды мақта шаруашылығын дамытуға, озық технологияларды қолдана отырып мақтаның элиталық сорттарын өсіруге шақырды.
Мақта-тоқыма кластерін құру, оның ішінде мақтаның элиталық сорттарын өсіру және шикізатты терең өңдеу жұмыстары аясында облыста мақта өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік беретін жоба жүзеге асырылды. Құны – 141 млрд теңге. 4 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Жалпы, облыста мақта шаруашылығын дамытуда 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделген. Жобаны толық жүзеге асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.
«Жайсан» шаруа қожалығында өткен шаруалармен кездесуде Айдарбек Сапаров суды үнемдейтін технологияға көшудің маңыздылығын айтып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды.
Министр шаруалардың барлық сұрақтарына жауап беріп, келесі жылы ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 900 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын, оның алғашқы 100 миллиард теңгесі ағымдағы жылдың желтоқсан айында қолжетімді болатынын айтты. Ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8-10%-ға дейін жаңарту мақсатына қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне кемінде 200 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Жиында шаруалар тарапынан айтылған ұсыныстар бақылауға алынды.Сапар қорытындысы бойынша министр Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенінің инфрақұрылымын одан әрі жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -