Аймақ басшысы арнайы мектеп интернатының оқушыларын Жаңа жылмен құттықтады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі №3 арнайы мектеп интернатына барды. 45 жылдық тарихы бар білім мекемесінде бүгінде 135 бала тәрбиеленуде. Заман талабына сай оқу, қажетті медициналық кабинеттер, кітапхана, шеберхана, асханамен жабдықталған мектеп-интернаты бір ауысымда жұмыс істейді. Сонымен қатар оқушылардың қызығушылықтарына қарай түрлі үйірмелер бар. Шәкірттер арасында облысымыздан бөлек басқа өңірлерден келіп тәрбиеленіп жатқандар да кездеседі.
Мектеп-интернатты аралаған аймақ басшысы білім мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Оқушылармен, ұстаздармен әңгімелесіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.
«Мен сіздермен мүмкіндігінше жиі байланыста болуға тырысамын. Сіздердің жетістіктеріңізге қуанып, марқайып отырамын. Түрлі өнер сайыстары мен білім, спорт додаларында топ жарып, облысымыздың намысын абыроймен қорғап жүргендеріңізді білемін. Сіздердің алаңсыз білім алып, өз қалауларыңыз бойынша дағдыларыңызды дамытуға қажетті өтініш, тілектеріңізді орындауға әзірміз. Қандай да бір көмек керек болатын болса, қысылмай айтыңыздар»,- деді облыс әкімі.
Шәкірттер өз кезегінде облыс әкімінен спорт залын салып беруге, мектепішілік ансамбль мүшелерінің сахналық киімдерін жаңартуға, сапалы микрофон алуға көмектесуін сұрады.
Аймақ басшысы бұл мәселелерді шешуді Білім басқармасына жүктеді. Облыстық Білім басқармасының ақпаратына сүйенсек, мектеп-интернатқа қажетті жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бұл білім ошағында республикаға танымал балалардың бірнеше өнер ұжымдары бар. Солардың бірі – түрлі республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы «Сұлу саз» фольклорлық ансамблінің кезекті дайындығына дөп түскен аймақ басшысы жас өнерпаздардың өнерін тамашалады. Талантты шәкірт Кәусар Тілекқызы аймақ басшысына оқушыларға білдірген қолдауы үшін алғыс айта келіп, саксафонда халық әні «Япурай» - ды нақышына келтіре орындап шықты. Оқушылар өз қолдарымен жасаған өнер туындысын сыйға тартты.
Сапар аясында барлық баланы келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаған әкім келер жылы тек жақсылық, қуаныш, молшылықта кездесуге тілек білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -