Қаржы министрлігі отандық өндіріске қолдау көрсетуді жүйелі түрде жалғастырып келеді
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның тауар өндірушілерін қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Шартты түрде алғанда, ведомствоның бұл бағыттағы жұмысын екі блокқа бөліп қарастыруға болады: реттелетін сатып алу кезіндегі рәсімдерді оңтайландыратын заңға тәуелді актілерді қабылдау және сатып алу тетіктерін жетілдіруді көздейтін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңды әзірлеу.
Айталық, ұлттық режімнен алынып тасталған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін жедел кеңейту мақсатында осы тәртіпті белгілеу кезінде реттеушілік әсерге талдау жүргізу жөніндегі талап жойылды.
Бұл құжат ұлттық режімнен жойылған тауарлардың тізімін 1 380-нен 4 542-ге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді. Осы арқылы биыл 7 айда Қазақстанның тауар өндірушілерімен 34 805 келісімшарт жасалды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 58,1% көп.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі Камералды бақылау жүргізу ережелерін жаңа тәуекел профилімен толықтырды. Енді отандық тауарлардың орнына шетелдік тауарлар алынған сатып алу қорытындыларын – мемлекеттік аудит органдары ғана жоя алады.
Мәселен, 2024 жылдың сәуір айынан бастап шамамен 25 млн теңгеге 8 сатып алу тоқтатылды.
Осы амалдың барлығы отандық өндірісті ынталандырып, реттелетін сатып алуларда елішілік құндылықты (қазақстандық үлесті) нығайтуға бағытталған. Мысалы, бұл арқылы реттелетін сатып алулардағы қазақстандық үлес мөлшері 54,3% дейін артты. Ал 2023 жылы оның көрсеткіші 50,7% деңгейінде болатын.
Биыл 1 шілдеде қабылданған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң шеңберінде отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілерді қолдауға бағытталған қосымша келесідей амалдар қарастырылған:
Біріншіден, ұлттық режімнен алып тастауды көздейтін тізімді одан әрі кеңейту.
Екіншіден, министрлік бекіткен тәртіп пен көлемде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу. Бұл отандық шағын және орта бизнесті қолдауға және оларды сатып алу көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тиісті тізімнің жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі. Тізім 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа жіберіледі.
Үшіншіден, офтейк-келісімшарттарды бір көзден алу тәсілімен жасасу. Бұл еліміздің өндірушілері шығарған тауарларды конкурстық рәсімдерсіз тікелей сатып алуды қамтамасыз етеді. Аталған шаралар реттелетін сатып алулардағы қазақстандық үлесті 60%-дан арттыруға жол ашады.
«Қаржы министрлігінің алдына қойылған міндеттердің бірі – қазақстандық өнімді сатып алу кезіндегі рәсімдерді оңтайландыру. Заңға тәуелді актілер мен жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң аталған процестерді жеңілдетіп, реттелетін сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру арқылы отандық өндірісті ынталандыруға бағытталған. Тұтастай алғанда, Қазақстанның тауар өндірушілеріне қолдау көрсету бойынша жұмыс қарқынды түрде жалғасады», деді Мәди Төкешұлы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -