Астанада бөтен адамға тиесілі көліктің терезесін сындырған вандал жазаланды
Астанада вандализм және қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайларымен күрес жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары вандалдарды анықтап, оларды жауапкершілікке тартады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордада кезекті вандалдар заңсыз әрекеті үшін жазаланды.
Мәселен, қаланың 71 жастағы тұрғыны 3 мамыр күні түстен кейін Абай даңғылындағы №47 үйдің жанында тұрақта болған. Ол тұрақта тұрған «Тойота Королла» көлігінің алдыңғы терезесін зақымдап, бөтен адамның мүлкіне зиян келтірді.
Тәртіп сақшылары оны тауып, «бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 147-бабы-1-бөлігі бойынша жауапқа тартты. Оған 20 АЕК айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.
Осындай жағдай 17 маусымда Молдағұлова көшесі, 22/1 мекенжайында сағат 23.30-да болды. 47 жастағы азамат Chery Tiggo 7 көлігінің фарасын әдейі зақымдады. Келтірілген залал сомасы 600 мың теңгені құрады.
22 маусымда сағат 19.40-та 41 жастағы әйел екінші қалалық балалар емханасында дәрігермен жанжал кезінде оның телефонын сындырып, басқа біреудің мүлкіне зиян келтірді.
Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Stop, вандал!» акциясы өтіп жатыр. Оны еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, ҮЕҰ өкілдері, қала тұрғындары, аудандық әкімдіктер мен қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, мәслихат депутаттары қолдады.
Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер, сондай-ақ тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмысы жүргізіледі.
Жыл басынан бері сот 120-дан астам адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы қоғамдық орындарды ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.
Вандализмнің алдын алу жұмысы қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -