Астанада әкелер күніне арналған форум өтті
Елордада халықаралық әкелер күніне орай Білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен "Әке тәрбиесі – ғасырға азық" атты қалалық форум өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара әкелерді тәрбиелеу арқылы салауатты қоғамды қалыптастыруға, олардың отбасы институтын сақтау мен нығайтудағы ерекше рөлін көрсетуге бағытталған.
Форумға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Астана қаласы Білім басқармасының, әкелер қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен орта білім беру ұйымдарының оқушыларының әкелері қатысты.
"Әке - әркім үшін асқар тау және тірек. “Жүз мектеп әкенің тәрбиесін бере алмайды" дегендей, әкеден әрдайым тәлім алуға болады. Мен алты баланың әкесімін. Біздің жүрегіміз әрқашан балаларымыз деп соғады, біз үшін балаларымыздың ақылды және парасатты болғанын көруден артық бақыт жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы енгізілді. Оның мақсаты - жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеу. Ұлттық қызығушылық, ар-намыс, алғыс, жауапкершілік және прогреске ұмтылу сияқты құндылықтар білім беру мекемелерінде жүргізілетін тәрбие жұмысының мазмұнында көрінеді. 2023-2024 оқу жылынан бастап Астананың барлық мектептерінде "ата-аналарды педагогикалық қолдау" орталықтары ашылды. 2024 жылдан бастап "Әкелер" қалалық бірлестігі құрылып, мектептерде "Әкелер" клубтарының қызметі жанданды”, - деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Ведомство басшысының айтуынша, халықаралық әкелер күніне орай оқушылар арасында "Әкеге хат" тақырыбында 294 хат жазылып, әкенің отбасындағы ерекше орнын атап өтіп, жастардың оған деген құрметпен қарауға тәрбиелейді. Сондай-ақ "Менің әкем" суреттер байқауына 550 жұмыс ұсынылып, қазылар алқасы олардың ішінен ең жақсысын таңдады.
Форум барысында "Әкелер қауымдастығы" бірлестігінің бір жылдағы жұмысы қорытындыланып, жаңа оқу жылына ұсыныстар айтылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -