Астанада оқушылар парламенті жетекшілерінің қатысуымен мектептегі өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері талқыланды
Астанада мектеп парламенттерінің жетекшілері мен елордалық жастар мәслихаты өкілдері арасында қаланың білім беру ұйымдарында өзін-өзі басқаруды дамыту тақырыбына арналған кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу «Мектептің әлеуметтік кодексі: қазіргі жағдайдағы интеграция тәжірибесі» V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында өтті. Конференцияның қорытынды күнінде елорданың Сарыарқа ауданы мектеп парламенттерінің жетекшілері Астана қаласы жастар мәслихатының өкілдерімен қала мектептеріндегі оқушылардың өзін-өзі басқаруын қолдау арқылы азаматтық қоғамды дамыту қажеттігін талқылады.
Жас белсенділер өз жобаларын ұсынып, өзін-өзі басқаруды қалыптастыру және балалар мен жастардың қаланың қоғамдық өміріне араласуы бойынша жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді әдістеріне қатысты ұсыныстарын білдірді.
«Бұл бүгінгі кездесуге қатысқан әрбір адам үшін жаңа білім алып, ой-өрісін кеңейтуге берілген тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Біз мемлекетіміз бен білім беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін білдік. Өз ісімізбен елімізге көмектесіп жатқанымызға қуанамыз және жұмысымызды тек мектеп жылдарында ғана емес, студент болған кезде де жалғастырамыз», - деді қатысушылардың бірі Надира Рысқұлова.
Отырысты ұйымдастырушы, Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ольга Тодераш азаматтық ұстаным мектеп жасында қалыптасатынын және студенттік өзін-өзі басқару өскелең ұрпаққа тәуелсіздік пен бастамашылдық танытуға көмектесетінін айтты.
«Бүгін біз азаматтық белсенділікті дамыту құралдарының бірі ретінде мектептің өзін-өзі басқаруы тақырыбын талқыладық. Біз жастардың саналы, белсенді болуы үшін белсенді азаматтық ұстанымы бар қоғамды тәрбиелегіміз келеді. Көшбасшылық пен топта жұмыс істей білудің негізі мектептен қаланады. Жас белсенділерге мәслихат пен қоғамдық кеңестің қалай жұмыс істейтінін де көрсеткіміз келді. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі», - деді ол.
Болгария, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінен келген қонақтардың қатысуымен «Мектептің өзін-өзі басқаруы – қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы кездесу өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -