Астанада су тасқынының алдын алу бойынша қарқынды жұмыс жүріп жатыр
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қыста қар молынан жауды. Қыс мезгілінің басынан бастап қаланың коммуналдық қызметтері 7,8 млн текше метрден астам қар шығарды. Қалада су тасқынының алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жалпы алғанда 65 000 погонды метр арық-науа желісі тазартылды, 27 мыңнан астам погонды метр коллекторлар жуылды, сондай-ақ 1 мың 340 тоннадан астам тұнып қалған лай шығарылды. Жедел ден қою үшін азаматтық қорғаныстың арнайы тобы құрылды.
Гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту мен нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, арнайы реттегіште Жібек жолы ауылы ауданындағы Есіл өзенінің 3,8 шақырымнан астам ескі арнасы тазартылды, сол сияқты Нұра өзеніне су бұру және су бұру арнасын салу жұмысы аяқталуға жақын.
Майбалық көлінде ұзындығы 5,4 км жалғастырушы арна тазартылды. Бұл су бұру жұмысын жақсартуға және су тасқыны кезінде қаладағы жүйеге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Су тасқынының алдын алу шаралары аясында өзен арналары мен арықтар тазартылып, кеңейтіліп жатыр. Алматы ауданындағы индустриалды паркте еріген қар суының өткізу қабілетін арттыратын Ақбұлақ арнасы тазартылып, айналма канал орнатылуда. Сонымен қатар, Телман ауданындағы су сорғы станциясын қорғау шаралары жүргізіліп жатыр», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -