Астанада мектеп оқушылары эксперименттік білім беру бағдарламасы бойынша диплом алды
Елордада эксперименттік білім беру бағдарламасы бойынша білім алған түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Пилоттық жоба аясында мемлекеттік қорытынды аттестациядан өткен 155 оқушыға диплом табысталды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл бағдарлама жоғары сынып оқушыларының колледж базасында жұмысшы біліктілігін алу үшін әзірленген. Осылайша мектеп оқушыларына өз қабілеттерін іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер бере отыра, болашақта еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделуге үйретеді. Сонымен қатар жастардың жұмысшы мамандықтарды игеруге деген қызығушылығын арттырады.
Эксперименттік білім беру бағдарламасы елордадағы «Кәсіптік техникалық» колледж, «Сервис және туризм» колледжінде және «Техникалық колледжде» іске асырылды.
Осы орайда Кәсіптік-техникалық колледж директорының кәсіптік оқыту бойынша орынбасары Нәзира Тоғайбаева аталған бағдарламаның ерекшелігіне тоқталып өтті.
«Бұл жобаның ерекшелігі мектеп оқушылары 10-11-сыныпта оқып жүріп, колледждерге барып, қалаған мамандықтары бойынша кәсіби білім ала алады. Кәсіби білім алу мақсатында олар теориялық және практикалық білім алды. Осылайша оқушылар әлі мектеп аттестатын алмай жатып, біліктілік туралы диплом алып отыр.Мектеп оқушылары 11-сыныптан кейін жоғары оқу орнына оқуға түспей қалған жағдайлар болады. Сол кезде олар кез келген жұмыс орнына толыққанды маман ретінде жұмысқа кіре алады. Осылайша елімізде жұмыссыз жүрген жастардың саны азаяды», - деп түсіндірді Н.Тоғайбаева.
Диплом алып отырған мектеп оқушылары «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша білім алған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -