Астанада «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті
Астанада Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы аясында «Таза бейсенбі» іс-шарасы өтті. Іс-шараға қатысқан «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мүшелері Байқоңыр ауданына қарасты «Өндіріс» тұрғын алабының аумағын күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандыруға атсалысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының жетекшісі Марат Мұхамеджанұлының айтуынша, тазалық акциясына 100-ден астам адам қатысты.
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Ол жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып жүр. Бүгінгі іс-шара барысында Өндіріс тұрғын алабының айналасын тазарту жұмыстары жүргізілді. Елорда тұрғындары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Оны әркім өзінен бастағаны жөн», - деді Марат Мұхамеджанұлы.
Бас қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тазалықты сақтау мақсатында әр апта сайын өткізілетін «Таза бейсенбі» акциясы аясында елордалық жүзден астам жастар аумақтың жан-жағын ретке келтірді.
Астанадағы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ерлан Нұрланұлы «Жасыл ел» сарбаздарының қатысуымен болған тазалық акциясы мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.
«Жасыл Ел» еңбек жасақтары бойынша 4200-ден астам 14 пен 35 жас аралығындағы жас жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгін біз «Жасыл ел» сарбаздарымен бірлесіп «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экология акциясы аясында қала маңындағы «Өндіріс» тұрғын алабының айналысын ретке келтірдік. Жастар елорданы көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізді. 2005 жылы құрылған көшбасшы ұйым белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулу, патротизмді қалыптастыруға үлес қосуда. Жалпы, «Жасыл ел» жобасы 14 пен 35 аралығындағы жастар мен студенттерді жұмысқа қабылдауда. Әлеуметтік жоба 20 жылдан бері жастарға қолдау көрсетіп келеді. Биыл көпбалалы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын жұмыспен қамту көзделіп отыр. Оларға арнайы киім және бір айлық мөлшердегі еңбекақы төленеді. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінеді. Мәселен, 14 жасқа толған оқушылар өз мектептерінің маңында жұмыс істейді. Одан бөлек саябақтар мен ағаштарға күтім жасап, арамшөптерін тазалайды, қоршаған ортаның көркеюіне осылайша өз үлестерін қосады. 14 пен 16 жас аралығындағылар жас ерекшеліктеріне қарай аптасына 5 күн, 4 сағаттан кем емес жұмыспен қамтылады», - деді бас маман.
«Таза бейсенбі» акциясы әр апта сайын ұйымдастырылып келеді. Ол тек қоқыс жинаумен шектелмейді, бұл акция жаңа экологиялық ойлауды, халықтың экологиялық мәдениеті мен мінез-құлқын құруды, жаңа экологиялық әдеттердің пайда болуын бастауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -