Қазақстан бойынша фосфордың 100 пайызы, гипстің 87 пайызы Жамбыл облысында өндіріледі
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісті.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасы 4,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп (0,8%), құрылыс (22,6%), тұрғын үй (3,5%), сауда (2,5%), көлік (13,6%) және байланыс (8,8%) салаларында оң динамика қалыптасты.
727,8 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді.
Өңдеу өнеркәсібінде қосылған құны жоғары тауарларды дамыту және қолда бар шикізатты пайдалану басты басымдық болып қала береді.
Экономикадағы өңдеуші сектордың үлесі 65,4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің екі негізгі өсу нүктесі – химия және құрылыс индустриясы.
Жыл басынан бері Жамбыл химия өнеркәсібі 212 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті, ал еліміздің химия өндірісіндегі оның үлесі 24 пайызға жуықтады.
Өңірде 13 млрд. тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны ашылды.
Республикалық бойынша облыс кәсіпорындары 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар өндіреді.
2030 жылға қарай жылына 1 млн. тоннаға дейін тыңайтқыштар мен жоғары деңгейде өңделген өнімдердің премиум санаттарын өндіруді жолға қою жоспарлануда.
Құрылыс индустриясы да экономиканың драйвері. Еліміз бойынша гипстің 87 пайызы, портландцементтің 13 пайызы өңірдегі өндіріс ошақтарынан шығарылады.
Қазақстандағы гипстің барланған қоры (50 млн. тонна) бойынша ең бай кен орны – «Үлкен-Бұрылтау» Жамбыл облысында орналасқан.
Биыл «Korcem» ЖШС цемент шығаратын жаңа зауытты (қуаты – 1,5 млн. тонна) іске қосты. Бұл өндірілетін цемент көлемін 3 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Құрылыс материалдарына сұраныстың артқанын ескере отырып, келесі жылы «Alit Holding» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын (қуаты – 150 мың тонна), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС гипсокартон шығаратын (қуаты – жылына 22 млн. шаршы метр) зауыт құрылысын бастайды.
Жобаларды жүзеге асыру өнім ассортиментін 12 атауға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі 2024 жылы ШОБ-тың 1 152 жобасы қаржыландырылғанын айтты. Нәтижесінде ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі 23,9 пайызға (596,0 млрд.теңге) өсті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -