Қазақстан франчайзингті дамыту жолында: жаңа ережелер
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінде елдегі франчайзингті дамыту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысып, Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы (ОАФҚ) бастамасымен франчайзинг туралы заңнамаға енгізілген өзекті түзетулерді талқылап, осы маңызды салаға қолдау шараларын әзірледі.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жиынды аша отырып, франчайзингтің Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті: «Қазақстандағы франчайзинг саласы тауар айналымы тұрғысынан өте үлкен және маңызды. Біз осы саланы тұрақты дамыту үшін оның реттеу мәселелерін шешуіміз керек. Бұл сала шағын және орта бизнесті дамыту үшін негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Кәсіпкерлерге франшизаларын тиімді дамытып, инвестиция тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасауымыз қажет», – деді ол.
Талқылау барысында қатысушылар қолданыстағы заңнаманы жаңғырту қажеттілігіне назар аударды. Қазіргі заңнама шеңберлік сипатқа ие болғандықтан, бүгінгі күннің талаптарына сай келмейтіні айтылды. Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығының төрайымы Гүлбану Майгарина:
«Бүгінгі таңда франчайзерлер мен франчайзилердің құқықтарын қорғау саласында елеулі проблемаларға тап болудамыз. Барлық нарық қатысушыларының мүдделерін қорғайтын нақты ережелерді жасау қажет»,– деп қосты.
Франчайзерлер мен франчайзилер кездесетін мәселелерді талқылай отырып, қатысушылар франчайзинг саласында өзін-өзі реттеу механизмдерін енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Бизнес – бұл қарқынды дамып келе жатқан сала, және мемлекет бұл мәселеде әрдайым жеткілікті құзыретті бола алмайды. Біз нарықтың өз ережелері бойынша дамуына мүмкіндік беретін жағдай жасауымыз керек», – деп атап өтті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары Бексұлтан Мұқатов.
Сонымен қатар, франшиза құрастырушыларға лицензиялау жүйесін енгізу мәселесі қарастырылды.
«Бүгінгі күні нарықта көптеген франшиза құрастырушылар бар, бірақ олардың барлығы адал әрекет ете бермейді. Біз олардың құзыреті мен жауапкершілігіне қойылатын талаптарды бекітуіміз керек», – деп атап өтті Мұқатов.
Ол франшизаны рәсімдеуге арналған лицензияланған брокерлер институтын енгізуді және франшизаның қаржылық үлгісін ашатын міндетті регламенттерді әзірлеуді ұсынды.
«Әлемде франчайзинг экономиканың қозғаушы күші болып отырғанын көріп отырмыз. Мысалы, АҚШ-та бұл ЖІӨ-нің 3%-ын құрайды. Біз де франчайзингтің Қазақстан үшін осындай маңызды салаға айналуы үшін жағдай жасауымыз керек», – деп қосты Мұқатов.
Халықаралық тәжірибені Қазақстанда франчайзингті дамытуға тарту маңызды талқылау тақырыбы болды. Қатысушылар АҚШ және Еуропа елдерінде қолданылатын табысты тәжірибелерді Қазақстанда франчайзинг жүйесін тиімді құрудың негізі ретінде қолдану керектігін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар, іскерлік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысатын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бұл заңнамаға егжей-тегжейлі түзетулерді кешенді түрде пысықтап, табысты франшизаларды қолдау шараларын әзірлеуге, соның ішінде олардың шетелге экспорттық үлгілерін дайындауға мүмкіндік береді.
«Франчайзинг Қазақстан экономикасының драйверлерінің бірі болуы керек. Біз оны шағын және орта бизнеске арналған құрал ғана емес, дайын жобаларды сыртқы нарыққа шығаратын платформа ретінде де көріп отырмыз. Әрбір кәсіптің тұрақты және қауіпсіз өсуіне мүмкіндік беретін жағдай жасау маңызды», – деп қорытындылады бірінші вице-министр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -