Қазақстан мен Кипр арасында кезекті саяси консультациялар өтті
Астана, 2025 жылғы 13 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың екінші отырысы аясында Қазақстан-Кипр қарым-қатынастарының ағымдағы жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Кипр Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Тұрақты хатшысы Андреас Какуристің төрағалығымен өткен іс-шараның негізгі тақырыптары саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері, құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібінің негізгі аспектілері бойынша пікір алмасу болды.
Р. Василенко Қазақстан Кипрді Еуропалық одақтағы маңызды және сенімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Екіжақты және көпжақты бағыттағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірілді.
Өз кезегінде Кипр делегациясының басшысы екі елдің сыртқы істер министрліктері басшыларының тұрақты кездесулерінің, оның ішінде қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы мен желтоқсанда ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің басқосуы аясындағы кездесулердің маңыздылығын атап өтті. А. Какуристің пікірінше, жақында Қазақстанда Кипр Елшілігінің ашылғаны Никосия мен Астана арасындағы қарым-қатынастардың барлық спектрін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Кездесу соңында тараптар бұдан бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру мақсатында алдағы байланыстар кестесін мақұлдады.
Сол күні Кипр делегациясы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевпен өткен кездесуде халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі жағдай туралы пікір алмасты.
Тараптар халықаралық құқық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, өңірдегі қақтығыстарды тек бейбіт жолмен шешу қажеттігі туралы келісті.
Анықтама: 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан мен Кипр арасындағы тауар айналымы 7,1 млн АҚШ долларын (экспорт – 6,1 млн, импорт – 1 млн) құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес көрсеткішінен 5 есеге жоғары. 2005 жылдан бері Кипрден Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 4,8 млрд доллардан асты. Қазақстанда кипрлік капиталдың қатысуымен 370-тен астам компания тіркелген.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -