Қазақстан мен Ресейдің агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту үшін зор мүмкіндіктері бар
2024 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары өтті.
Мемлекеттердің басшылары дәстүрлі түрде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына тән өзара толық түсіністік, ашықтық пен сенім жағдайында, екіжақты ынтымақтастықтың барлық кешені бойынша жемісті келіссөздер жүргізді, өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмасты, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің перспективаларын қарастырды.
Тараптар өндірістік кооперацияны тереңдету, автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, химия, фармацевтика, құрылыс сияқты басым салаларда және басқа да салаларда бірлескен өзара тиімді жобаларды дамыту, өзара қолайлы шарттарда өнеркәсіп өнімдерін өзара жеткізуді реттейтін ішкі рәсімдерді жеңілдетуге жәрдемдесу ниетін растайды.
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 10 жылдық мерейтойы жылында Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін сенімді түрде атап өтіп, Шарт шеңберіндегі еуразиялық экономикалық интеграция Тараптардың ұлттық мүдделеріне жауап беретініне, барлық мүше мемлекеттерге бәсекелес артықшылықтар жасайтынына және даму үшін зор әлеуетке ие екеніне сенім білдіреді.
Тараптар екіжақты сауда-экономикалық кооперацияны ұлғайту және тиімді, сенімді, қауіпсіз және жіксіз жеткізу тізбектері есебінен тауарлар ағынын әртараптандыру арқылы жүк жөнелтушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өңірлік өзара байланысты нығайту жөніндегі өзара іс-қимылдың басымдығын қолдайды. Осы күш-жігердің шеңберінде еуразиялық кеңістіктегі түрлі көліктік-логистикалық жобаларды ұштастыру идеясы оң бағаланады.
Тараптар өзара тауар айналымы құрылымындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсу үлесін қанағаттанушылықпен атап өтеді. Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие және халықаралық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нығайтудағы өзінің маңызды рөлін түсінеді.
Аграрлық ғылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемін жолға қою және арттыру, трансшекаралық су ресурстарын үнемді және үйлестірілген пайдалану саласындағы ынтымақтастық алдыңғы кезектегі маңызға ие.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -