Қазақстан мен Сербия ғарыш және IT-салалардағы ынтымақтастық туралы келісті
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға ресми сапары аясында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің делегациясы бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Цифрлық министрлік басшысы Сербияның ғылым, Технологиялық даму және инновациялар министрі Елена Беговичпен кездесті. Келіссөздер барысында ғарыштағы ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық және экономиканың түрлі салаларында ғарыштық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
Қазақстанның цифрлық даму министрлігі мен Сербияның ғылым министрлігі арасында ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат Жерді қашықтықтан зондтау, спутниктерді әзірлеу, сынау және ғарыштық технологияларды қолдану сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты қарастырады.
«Біз бұл бастамаларды іске асыру елдерімізге өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Ғарыштық технологиялар агробизнестегі, су және жер ресурстарын басқарудағы, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланудағы мониторингті қоса алғанда, экономиканы цифрландыру үшін маңызды құралға айналуда», - деп атап өтті министр Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ, Қазақстанның цифрлық даму министрлігі мен Сербияның Ақпарат және телекоммуникация министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат IT-саланы дамытуға және екі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге бағытталған.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -