«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауы шетелдік журналистердің елімізге қызығушылығы артқанын көрсетті
Астана, 2024 жылғы 6 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Бас редакторлар клубымен бірлесіп дәстүрлі түрде өткізетін 9-шы жыл сайынғы «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауына әлемнің 30-ға жуық елінен 80-нен астам қатысуға өтінім келіп түсті. Байқау Қазақстан туралы шынайы және объективті ақпаратты кең шетелдік жұртшылыққа креативті түрде жеткізуге үлес қосқан шетелдік журналистердің еңбегін атап өтуге мүмкіндік беретін алаң ретінде ойластырылған.
Байқау 2014 жылы бастау алып, жыл сайын қазылар алқасы мәтін және бейнематериалдарды таңдап, түрлі номинациялар бойынша марапаттар береді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі шетелдік басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз жұмыстарын баспа және онлайн басылымдарда, соның ішінде танымал интернет-платформалар, блогтар мен подкасттарда, телеарналардағы бағдарламалар ретінде дәстүрлі хабар тарату ағындарына дейін әртүрлі түрде көрсетеді. Жарияланымдар мен материалдардың тақырыптары Қазақстанның тарихы, мәдениеті, білім беру саласы, туризмі мен ұлттық тағамдарын, сондай-ақ халықаралық қатынастарды, инвестициялық әлеуетін қамтиды.
Биылғы жылғы байқаудың серіктестері ретінде «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы (АӨСШК), Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және «Jibek Joly» Ұлттық телеарнасы болды. Серіктестердің осындай кең ауқымы өткізілетін іс-шараның маңыздылығын тағы да растайды. Айта кететін жайт, 2023 жылы 7 номинация бойынша жеңімпаздар анықталған болатын, ал биыл Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының номинациясы алғаш рет ұсынылады.
Қазылар алқасының құрамына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Депутаты, Қазақстанның Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Сәдуақасов, АӨСШК әскери-саяси өлшем сарапшысы, Елші Дулат Қуанышев, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті Исламбек Салжанов кірді.
Мәдени өзара іс-қимылды тереңдету және елмен жақынырақ танысу мақсатында номинациялардың жеңімпаздары еліміздің бай мәдени-тарихи мұрасы ұсынылатын Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысын аралай отырып, Қазақстанға сапармен келу сыйына ие болады. Ұсынылған бағдарламамен бірге, байқау жүлдегерлері көшпелі өркениет рухымен танысып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының куәгері болады.
Қалыптасқан дәстүр бойынша сайыс жүлдегерлері мемлекеттік сектор өкілдерімен, қазақстандық сарапшылар мен журналистермен, сондай-ақ Қазақстанның ғылым және мәдениет қайраткерлерімен эксклюзивті сұхбаттарға қатысады.
Осылайша, әлемнің түрлі өңірлерінен номинациялар бойынша 8 шетелдік автор конкурстың жеңімпаздары атанды:
Солтүстік және Оңтүстік Америка аймағынан Бразилия тілшісі Милтон Атаназионың «Foco na Politica» басылымында жарияланған мақалалар сериясы үздік деп танылды.
Еуропа елдерінің ішінде Даниэла Брикканың итальяндық Rai телеарнасында Қазақстан туралы бейнерепортажы ең көрнекті өтінім болып танылды.
«ТМД және Еуразия» номинациясында Елена Косолапованың CBC TV Azerbaijan арнасындағы «Орта дәліз: Әзербайжан мен Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртуда» репортажына әділқазы мүшелері ерекше назар аударды.
Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша жапондық журналист Катсухиро Асагиридің «International Press Syndicate Japan» атты басылымдағы жұмысы атап өтілді.
Таяу Шығыс пен Африка елдерінен тілшілер жұмыстарының арасында қазылар алқасы Мысырлық Фатма Мегахедтің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы тақырыбындағы мақаласын ерекше атап өтті.
«Kazakh Tourism» дәстүрлі номинациясында испандық журналист Иоланда Гарсия «La Voz de Galicia»-да бірқатар жұмыстарымен жеңіске жетті.
АӨСШК номинациясында Александр Гасюктің «Ресей газеті» басылымында жарияланған жұмысына назар аударды.
Сонымен қатар, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы номинациясының жеңімпазы ретінде «Биринчи радиосында» бірқатар шығарылымдарымен Эрмек Актанов жеңіске жетті.
«Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» жыл сайынғы байқауы шетелдік жұртшылықтың мемлекет дамуының өзекті тенденцияларына деген қызығушылығын тудырудың құрамдас бөлігі болып табылады, бұл еліміздің бай табиғи және мәдени мұрасын танымал етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірдің шетелдік инвесторлар мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін әлеуеті мен тартымдылығын көрсетеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -