Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы биыл басталады
Биыл Жетісу облысында 152 шақырым жол мен 53 елді мекеннің ішкі жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Соның ішінде 5 көпірді қайта жаңғырту, 1 көпірді орташа жөндеу, Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 15 км жолдың реконструкциясы, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» жолының 35-110 км учаскесінің жаңғырту жұмыстары, елді мекендерге кіретін жолдар, ішкі жолдар т.б. жобалар бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, Жетісу облысы құрылғаннан бері 2023-2024 жылдары облыстық маңызы бар 391,4 км жол және 134 елді мекеннің ішкі көшелері жөнделген. Мәселен, 2024 жылы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қайта жаңартылып, «Талдықорған-Үшарал» (313 км), «Лепсі-Балқаш көлі» (27 км), «Сарыөзек-Көктал» (45-68 км) «Жаркент-Қорғас» (328-360 км), «Үштөбе-Көпбірлік» (78 км) бағытындағы ірі жобалар пайдалануға берілді. Сөйтіп жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы обылыстық маңызы бар автожолдардың үлесі 94%-ға жеткізілді.
Ал биыл өңірде 152 шақырым жолға, 53 елді мекеннің ішкі жолдарына жөндеу жасалады деп межеленген. Сондай-ақ, осы жылы республикалық маңызы бар жолдардың «Үштөбе – Кәлпе» және «Сырымбет – «Тау Жетісу» бағытындағы 2 учаскесіне қайта жаңарту және орташа жөндеу жасалады. Күрделі жөндеу шеңберінде «Сарыөзек – Көктал» автожолындағы Көнбе өзенінен өтетін жаңа көпір салу, «Сарыөзек станциясын айналып өту» автожолының жол құрылымын күшейту және ұзындығы 21 км (Мұқыры асуы учаскесі) «Қонаев – Талдықорған» автожолының жол жабынын қайта жаңарту жоспарда бар. Сонымен қатар осы жылы «Алматы облысының шекарасы - Сарыөзек кенті» (13 км), «Сарыөзек – Көктал» (112 км) және «Айдарлы-Көктал» (15 км) бағытындағы жолдар желісіне орташа жөндеу жұмыстары өткен жылдан өтпелі жоба ретінде жалғасады.
«Жолдардың нормативтік жай-күйін сақтау мақсатында автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда. Облыс бойынша осындай 8 станция қойылды. Олардың 6-ы республикалық трассаларда, 2-еуі облыстық маңыздағы жолдарда орналастырылған. Мұндай станциялар жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, белгіленген шектен асып кетпеуін қадағалайды», - делінген басқарманың хабарламасында.
Атап өтсек, өткен жылы өңірде автомобиль жолдарында 24,0 млн. жолаушы тасымалданып, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 8% жуық өскен. Жолдардың сапасы жақсаруына қарай биыл да бұл көрсеткіш арта түседі деп жоспарланып отыр.
«ҚазАвтожол» ҰК» АҚ ақпаратына сүйенсек, жолдардың күтімі бойынша өңірдегі республикалық маңызы бар қолданыстағы 873 шақырым жолға қысқы күтім жасалды. Бұл жұмыстарға 72 бірлік меншікті және 10 бірлік жалгерлік техника тартылды. Биылғы қысқы кезеңде көктайғаққа қарсы материалдың қажетті қоры дайындалды. Оған қоса айта кетсек, 2023 жылдан техника паркін толықтыру жұмыстары басталды, яғни бүгінгі күні мұндағы техника саны 59-ден 72-ге ұлғайды.
Жалпы облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 988 км құрайды. Соның ішінде республикалық маңызы бар – 1 034 км, жергілікті маңызы бар - 2 954 км.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттер Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды және «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалы ұсынған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -