Жетісу облысында өткен жылы экономиканың өсімі 114,8% құрады
2024 жылдың қорытындысында Жетісу облысында экономиканың өсімі 114,8% құрап, Мемлекет басшысының 6% деңгейінде тұрақты өсім қамтамасыз ету тапсырмасы орындалды. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында айтылғандай, облыста жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімі 9-10% деңгейінде күтілуде. Ауыл шаруашылығында өсім - 3,0%, өнеркәсіпте - 3,4%, тұрғын үй пайдалануға беру - 15,2%, құрылыс жұмыстары 1,5 есе, сауда көлемі 1,2 есеге артты. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 313 млрд. теңгеден асты, оның ішінде тек жергілікті кірістер 118 млрд. теңгені құрады.
Отырыста Б. Исабаев бірнеше өзекті мәселелерге назар аударды.
- Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында 8 басты бағытты айқындап берді. Соның ішінде экономикалық өсім, әсіресе тартылған жеке инвестицияның көлемі халықтың өмір сүру сапасына тікелей ықпал етенінін атап өтті. Осы орайда аудан-қала әкімдері инвесторлармен нәтижелі жұмысты жолға қоюы керек. Тек орындаушы ғана емес, бастамашы болып, жауапкершілік алуға, нәтижелі жұмыс істеуге үйрену керек. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін жаңа инвестициялық жобаларды іске асырып, лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын құру қажет, - деді Б.Исабаев.
Сонымен қатар «сақалды құрылыстарға» қатысты, жосықсыз мердігерлермен келісімшартты бұзып, құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтау шараларын қабылдауды тапсырды. Бұл ретте бюджеттің мақсатты әрі уақытылы игерілуі аудан-қала әкімдерінің жеке дара жауапкершілігінде екенін қадап айтты.
Сондай-ақ бірқатар облыстық басқарма басшыларының баяндамасын тыңдаған Бейбіт Исабаев салаларды дамытуға қатысты олардың алдына нақты міндеттер қойды. Мәселен, құрылыста типтік жобаларды қайта пайдалану тұрақты тәжірибесін енгізу керек. Бұл әдіс бюджет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сол сияқты білім сапасын көтеруді, колледждер түлектерін жұмысқа орналастыру ісін ілгерілетуді, өңірге жоғары білікті ІТ мамандарын тартуды тапсырды. Жиында айтылғандай, бүгінгі таңда облыста Өңірлік геоақпараттық жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйе салалар бойынша, соның ішінде әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлардың алдын алу, жол, ауыл шаруашылығы салаларын алыстан мониторингілеуге мүмкіндік береді.
- Өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Қысқа мерзімді индикаторларды орындау жағынан республикада екінші орындамыз. Ең бастысы - халықтың өмір сүру сапасын көтеру. Президенттің қойып отырған талабы да осы. Соңғы екі жылда өңірді газдандыру деңгейін 29%-дан 56,5 %-ға жеткіздік. Жыл соңында бұл көрсеткіш 72 % жетуі тиіс. Ауыз сумен қамтуға, жол жөндеуге баса назар аударылады. Облыс орталығына ерекше көңіл бөлінеді, қала бюджеті 33% артады. Талдықорғанда Смарт сити стандарты бойынша қаланың өмір-тіршілігін басқару орталығын құру жоспарланып отыр. Біздің мақсатымыз - қаланы қауіпсіз, жайлы, әдемі әрі жасыл қалаға айналдыру. Жалпы осы жылы бірқатар жаңа өзгерістер орын алып отыр. Инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды. Қаржы, салық саясатында жаңа енгізілімдер бар. Алдымызға қойылған міндеттерді мәслихат депуттарымен, ардагерлер ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп атқаруымыз керек, - деді Б. Исабаев.
Жиын соңында жыл қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды. Атап айтқанда, Панфилов ауданының әкімдігі «Үздік аудан» атанып, трактор сыйға тартылды. Үздік мекеме ретінде «Жетісу» телеарнасы танылып, арнаға жаңа студия жабдықтары берілді. Өз кезегінде құрылыс басқармасы үздік басқарма атанды. Бұдан бөлек, өз салалары бойынша тиімді басшылық жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталинов, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков, Ескелді аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Сатанов «Адал қызметі мен еңбегі үшін» арнайы алғыс белгісі табысталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -