Жетісулықтар ақын Жұматай Жақыпбаевқа арналған әдеби-сазды кеш өткізді
Бүгін жыр қағаны атанған ақын Жұматай Жақыпбаевтың 80 жылдығына орай Талдықорғандағы Д. Рақышев атындағы филармонияда «Жыр жұлдызы Жұматай» атты әдеби-сазды кеш өтті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық филармония ғимаратының фойесінде С.Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапхана ақынның өлең жинақтарынан, оның шығармашылығы туралы жазылған зерттеу кітаптарынан және ақынның әр кезеңдегі фотосуреттерінен көрме қойды.
Әдеби-сазды кеш Б. Римова атындағы драма театры актерларының орындауында шайыр өлеңдерінен қойылған прологпен ашылды.
Рухани шарада облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов көпшілікке тілегін жеткізді:
- Биыл - ұлт поэзиясында өзіндік орны бар қазақтың көрнекті ақыны Жұматай Жақыпбаевтың мерейлі жылы. Жұматай ақынның жерлесіміз болғаны - біз үшін мақтаныш. Қазақ барда ақынның рухы асқақтай береді, - деді Д. Есдәулетов.
Аталған әдеби кешті ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Әміреев жүргізді.
Алматыдан арнайы келген ақындар Әбубәкір Қайран, Сайлаубай Тойлыбаев, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, сол сияқты жетісулық қаламгерлер Әміре Әрін, Жомарт Игіман сахнада Жұматай шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдіріп, өлең оқыды. Жыр қағанының көзін көріп, жанында жүрген аға буын ақындар естеліктерін айтты.
Осы кеште Д. Рақышев атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауында ақынның сөзіне жазылған "Айыбым болса кеше гөр", "О, Ләйлә" әндері, сонымен қатар басқа да концерттік нөмірлер көпшілікке ұсынылды.
Атап өтсек, ақынның мерейтойы биылғы қаңтардан облыстың әрбір аудан-қаласында өткізіле бастады.
Еске салсақ, Жұматай Жақыпбаев 1945 жылы Ескелді ауданы Ешкіөлмес ауылында туған. «Саратан» (1979 ж.), «Ләйлә» (1981 ж.), «Шұғынық-гүл төркіні» (1988 ж.) және басқа да жыр жинақтарының авторы. Және соңына бірнеше күй шығарып қалдырған. Көзі тірісінде Жақыпбаевтың маңайына топтасқан әдеби ортаның аты аңызға айналып, «Жұматайдың қағанаты» деген атпен қазақ әдебиетінің тарихында қалды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -