Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қайырымдылық іс-шарасы өтті
Облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында эко-акциялар, дөңгелек үстел, дәстүрлі сенбіліктер және т.б шаралармен қатар қайырымдылық іс-шаралар да ұйымдастырылуда.
Бүгін, 5 ақпан Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалғызбасты және қарт адамдарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында аулалардағы, үй кіреберістеріндегі және жүретін жолдардағы қарды тазалау жұмыстары өткізілді. Шараға студенттер мен жастар арасындағы еріктілер атсалысты.
«Мейірімді-Жетісу» волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Саматқызы Шырай: «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, қарт кісілердің жүріп-тұруын жеңілдету үшін ауланы толықтай қардан тазартты.Бұл игі іс ардагерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға қолдау білдірудің бір көрінісі болды. Қарттар өз кезегінде еріктілерге алғысын айтып, осындай қамқорлық қоғамдағы мейірімділікті арттыратынын атап өтті».
Көмек алған зейнеткердің бірі, Гвоздикова София Файзрахмановна өз алғысын білдірді: «Мен үшін бұл өте үлкен көмек. Ауламды тазалау оңай емес, ал бүгін еріктілер келіп, барлығын ретке келтірді. Осындай игі істер көп болсын!».
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2024 жылдың 8 сәуірінен бастап барлық жоспарланған іс-шаралар белсенді өткізілді, жалпы сенбіліктер мен экоакцияларға 252 мыңнан астам адам қатысты.
Осы ауқымды экожобаны іске асыру басталғаннан бері біздің облыс бойынша жалпы 2 322 бірлік техника жұмылдырылды, 12 822 тонна қоқыс шығарылды, 193 саябақ пен скверді, 721 тарихи-мәдени ескерткішті тазарту жұмыстары жүргізілді және 56 мыңнан астам қылқан жапырақты және қатты ағаш көшеттері отырғызылды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды.
Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының мәлімет бойынша
Фототілші: Жұмабай Мұсабеков
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -