BAITURSYNULY UNIVERSITY-ДЕ ДРОНДАРДЫ БАҒДАРЛАМАЛАУДЫҢ БІРЕГЕЙ ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ
ҚӨУ студенттері жаңа оқу жылынан бастап ұшқышсыз ұшатын аппараттарды бағдарламалау және басқару, жиналған деректерді өңдеу және «ұшатын робототехниканың» басқа да қыр-сырын меңгеретін болады.
Зертхана студенттері бірнеше пәндерді қатар оқи алады. Соның ішінде дронды бағдарламалау, цифрлық схематехника, компьютерлік көру, ұшқышсыз ұшақтарға арналған жасанды интеллект сияқты тақырыптар аясында пәндерді меңгереді.
«Зертхананың білім беру ғана емес, ғылыми-зерттеу қызметі де бар, бұл бағыт қазіргі таңда сұранысқа ие. Дрондар ауыл шаруашылығында, машина жасауда, логистикада қолданылады. Ректор білім беру үрдісінен хабардар болғандықтан, біздің идеямызды қолдап, құрал-жабдықтарға қаражат бөлді», - деді Baitursynuly University бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ольга Салыкова.
Студенттер қыркүйек айында дронды басқару алгоритмдерін әзірлеуге кіріседі. Дегенмен қызығушылық танытқандар зертханамен танысып үлгерді. Демалыс болса да, шәкірттер университетке барып, ынтамен дрондарды құрастырып жатыр.
«Кейбір құралдар бізге бұрыннан таныс, бірақ жаңалары да көп. Ұшқышсыз ұшатын аппараттарды құрастыру және бағдарламалау қызықты ғана емес, ол болашақ үшін де өте маңызды», - дейді «Ақпараттық технологиялар және роботты техника» білім беру бағдарламасының 4 курс студенті Виктор Шмаков.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -