Елордалық гимнасшылар халықаралық турнирде 69 медаль жеңіп алды
Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің 33 гимнасшысы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық турнирде тамаша нәтиже көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыста елордалық спортшылар спорттық гимнастика бойынша 17 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, Қазақстанның абыройын асқақтатты.
Бұл турнирге АҚШ, Кувейт, Катар, БАӘ, Ливан, Ресей және Кения елдерінің үздік гимнасшылары қатысып, жоғары деңгейде бәсекелестік танытты. Алайда қазақстандық спортшылар көпсайыс, тіреніп секіру, қоссырық, бөрене, керме және еркін жаттығуларда ерекше шеберлік көрсетіп, лайықты марапаттарға ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша елордалық жас гимнасшылар жоғары дайындықтарын дәлелдеп, халықаралық аренада Қазақстанның спорттық гимнастика мектебінің беделін нығайтты.
«Бұл жеңіс – еліміздің гимнастика саласындағы маңызды қадамы. Турнирге қатысқан жас дарындар мен тәжірибелі спортшылардың бірігуі, олардың табандылығы мен ынта-жігерінің нәтижесі. Астаналық спортшылар халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің гимнастика мектебінің әлемдік аренадағы орнын тағы бір мәрте дәлелдеді. Елордалық гимнасшылардың осындай ірі жеңісі – Қазақстан спортының дамуындағы жаңа белестердің жарқын көрсеткіші», – деді №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Данияр Тулегенов.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -