Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше балалар арасында спорттық іс-шара өтті
Астана қаласында Халықаралық балалар күніне орай алғашқы құттықтау мерекесі басталды. Бүгін Паралимпиадалық жаттығу орталығында 6-12 жас аралығындағы балаларға арнайы спорттық іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
1 маусым әлі болмаса да, мүмкіндігі шектеулі балаларға бірінші кезекте көңіл бөлінді. Себебі елімізде осындай санаттағы балалардың саны жыл сайын артып жатыр. 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 109,5 мың баланың «мүгедек» деген статусы бар. Мысалы, 2022 жылы 14,4 мың бала осындай статусты иеленсе, 2023 жылы олардың саны 15 мыңға дейін артқан. Сондықтан ерекше балаларға назар аудару – бірінші кезектегі мәселе.
Осы орайда елордамызда бірінші рет ауқымды көлемде 50-ге жуық бала 7 түрлі эстафеталық сайыстан (дартпен допқа кіру, допты себетке лақтыру, дриблинг, басқатырғышты жинау, допты беру, командамен жүгіру, картадан қазынаны табу) сынға түсті.
«12 жастағы Алтынай атты қызым 7 жылдан бері осы Паралимпиада жаттығу орталығына тұрақты барып келеді. Ол арбадағы спорттық би, бочча, үлкен тенниспен айналысады. Спорт – біздің өміріміз. Тек салауатты өмір салтын ұстану арқылы біз ауруды жеңіп, өзгелер секілді тең мүмкіндік аламыз. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған осындай шараның болғанына өте қуаныштымын», - деді Салтанат Ардаққызы.
Осындай іс-шараны ұйымдастыруға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Паралимпиадалық жаттығу орталығы және елордадалық кәсіпкерлердің бірі қолдау көрсетті.
Мерекелік эстафетаның соңында барлық қатысушыларға арнайы фуршет жайылып, сыйлықтар таратылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -