IX Республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Бүгін WorldSkills Kazakhstan-2024 жұмысшы мамандықтарының ұлттық чемпионаты қорытындыланды. Оған өңірлік кезеңдерден өткен 550-ден астам колледж студенттері қатысты. Үш күн бойы олар 30 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Жұмыс алаңдарында қатысушылардың кәсіби дағдыларын 558 сарапшы бағалады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев IX республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде бұл шараның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі үшін аса маңыздылығын атап өтті. WorldSkills қозғалысы болашақ мамандардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы бүкіл ел үшін техникалық және кәсіптік білім берудің ерекше маңыздылығын дәлелдейді. Бүгінгі таңда жүйенің алдында экономикаға жаңа технологияларды енгізу, білікті кадрларға сұранысты арттыру және мамандарға қойылатын талаптарды өзгерту бойынша жаңа сын-қатерлер мен өршіл міндеттер тұр. Біз әрбір жас маманды еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы біліммен және дағдылармен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», - деп атап өтті министр.
Чемпионат қорытындысы бойынша 30 негізгі құзыреттілік бойынша 108 жеңімпаз анықталды. Олардың арасында электромонтаж, энергетика, кірпіш қалау, шанақты жөндеу, аспаздық және ресторан ісі, IT шешімдері, WEB-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу секілді құзыреттіліктер болды. Жеңімпаздар 32 алтын, 37 күміс және 39 қола медаль иеленді. 155 қатысушы «Үздік медальонға» ие болды.
Командалық есепте Астана қаласының құрама командасы көш бастады, екінші орынды – Абай облысы және үшінші орынды – Алматы қаласы ие болды.
Айта кетейік, жеңімпаздар еліміздің жетекші компанияларынан жұмысқа шақырулар алуда, сондай-ақ олар келесі жылы Данияда өтетін EuroSkills чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болды.
Анықтама үшін: Қазақстанның 772 колледжінде 565 мыңнан астам студент білім алады. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90%-ды құрады, оның 70%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -