Күршім ауданында мәдениет үйі жаңартылып жатыр
Күршім ауданының мәдениет саласында серпіліс бар. Нақтырақ айтқанда, аудан орталығындағы Қабдолда Тұраров атындағы "Шабыт" мәдениет үйінің техникалық базасы нығайтылып жатыр. Сондай-ақ жуық арада өзге ауылдардағы мәдениет ошақтарына да жөндеу жүргізіледі.
Күршім – бірегей өнер майталмандары туған өлке. Сондықтан аудан руханиятын жаңғыртудың маңызы зор. Бүгінде осы мақсатпен бірқатар жоба қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
– Аудандық мәдениет үйіне қарасты 27 ауылдық клуб бар. Бұл мекемелерде 109 қызметкер еңбек етеді. Мәдени орталық өкілдері аудан халқын өнерімен сусындатып, саланың дамуына бір кісідей атсалысып келеді. Сәйкесінше, мәдениет қызметкерлеріне қолдау да көрсетілуде. Биыл Күршім ауданының «ШАБЫТ» КМҚК-ға 18 млн теңгеге «Газель» көлігі алынды. Сонымен қатар 6,5 млн теңгеге әртүрлі сахналық костюм алу қарастырылған. Алдағы уақытта мәдени нысандар жөнделеді, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.
Биыл аудандық мәдениет үйінің сахнасын жөндеуге бюджеттен 30 млн теңге бөлу қарастырылған. Конкурстық рәсімдер нәтижесінде 22,5 млн теңге бөлініп, мердігер ұйым жұмысты бастап та кетті. Жөндеу жұмыстары 10 маусымда аяқталуға тиіс.
Сондай-ақ Құйған ауылындағы клуб ғимаратын жөндеу жоспарда тұр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -