«Ұлттық ойын – ұлт қазынасы»: елордада әкелер мен балалар үшін қызықты сайыс ұйымдастырылды
Астанада «Байқоңыр» ауданының «Ататүрік» саябағында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты тартысты сайыс өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Көңілді дода «Әкелер күні» мерекесі аясында «Байқоңыр» ауданының әкелері мен балаларының қатысумен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты, қазақтың ұлттық ойындарын ойнай отырып, отбасы институтын нығайту. Сондай-ақ, жанұядағы әке рөлінің маңыздылығын көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
Отбасылық жарысқа елордалық әкелер мен балалар қатысып, қазақтың «Арқан тарту», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Ләңгі тебу» сынды ұлттық ойындарынан өзара бақ сынады.
Нәтижесінде, көптің ішінен оза шауып, басты жүлдені Айдар Шонаев пен баласы Таңатқан Нұрислам жеңіп алды. Жарыс соңында жеңімпаздарды әңгімеге тартқан едік:«Мен Байқоңыр ауданындағы №4 мектеп гимназиясынан келдім. Өзім аталған мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Ал ұлым Таңатқан Нұрислам осы білім ордасының оқушысы. Бүгін екеуміз мектебіміміздің намысын сәтті қорғап шықтық. Басқа қатысушылар да оңай шағылар жаңғақ болған жоқ. Олар бізге мықты қарсылас болды. Жарыс өте тартысты өтті деп айта аламын. Осындай ұлттық спортты дамытуға, насихаттауға бағытталған сайыстардың көбірек ұйымдастырылғанын қолдаймын».
Айта кетейік, биыл айтулы мереке маусым айының он алтыншы жұлдызына тұспа-тұс келді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -