Мүгедектігі бар адамдардың мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров XXV «Біз біргеміз» акциясы аясында ұйымдастырылған конференцияға қатысты.
Конференция тақырыбы - «Инклюзияға бағытталған, тек құрылымдық теңсіздіктерге ғана емес, сондай-ақ мүгедек адамдардың қоғамға әлеуметтік интеграциясын ілгерілетуге ықпал ететін мәдени, идеологиялық, мінез-құлық аспектілеріне назар аударатын әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін, белсендірілуін және қолжетімділігін арттыру».
Өңір басшысы өз сөзінде мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы үшін жүйелі шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті.
«Бүгінде Ақтөбе облысында мүгедектігі бар 30 мыңнан астам адам тұрса, оның 5 мыңнан астамы – балалар. Мұндай ерекше жандарды әлеуметтік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 6,0 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражат мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын және мүгедектердің үкіметтік емес ұйымдарына мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға, яғни жол белгілерін, бағдаршамдарды орнату, инватакси қызметтерін ұсыну, жаңалықтар хабарларын сурдоаударуды қамтамасыз етуге бағытталды. Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымдар қолжетімді болу үшін облыста 874 нысан ерекше жандарға деп бейімделді», - деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі ерекше жандарға қолдау көрсету жұмыстары әлі де жалғасатынын айтты, бизнес-құрылымдар, меценаттар, қоғамдық ұйымдарды бұл шараларға үлес қосуға шақырды.
Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйым өкілдері сөз алып, атқарған жұмыстары және алдағы жоспарларымен бөлісті. Мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселелері шешімін табатынына сенім білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -