Маңғыстау облысы мәслихатының кезекті 15-сессиясы өтті
Бүгін, 30 қыркүйекте VIII сайланған Маңғыстау облысы мәслихатының кезекті 15-сессиясы өтті. Мәслихат депутаттары облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың 2024 жылғы 8 айында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады.
Облыс әкімі өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында макрокөрсеткіштердің оң динамикасы сақталғанын атап өтті.
Облыс үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жылумен тұрақты қамтамасыз ету. Облыс әкімінің айтуынша, 2024-2025 жылы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Тіршілікті қамтамасыз етуші «МАЭК» кәсіпорнының негізгі құрал-жабдықтарының тозу деңгейі – 81% құрайды.
Кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2023 жылы мекеменің өз қаражатынан, әкімдіктен және Үкіметтен қажетті қаражат бөлініп, құрал-жабдықтар сатып алынды. Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарының жүріп жатқанын және жылыту маусымына дайындықты аяқтайтынын айтты.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде, Ақтау қаласының магистральдық жылу құбырын кезең-кезеңімен 2024-2026 жылдары 44 км (Ø 500-800 мм) қайта жаңарту жобасы бойынша ағымдағы жылы 11,4 шақырым желіні ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні, МАЭК су жүргізудің 1-ші этапын бастады. Бұл жұмыстар жылыту кезеңіне дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сондай-ақ, Нұрдәулет Қилыбай шағын және орта бизнесті, денсаулық сақтау, спорт, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы салаларын дамыту, инвестициялар тарту және инфрақұрылымдық даму жоспарларына егжей-тегжейлі тоқталды.
- Қалай болғанда, ата кәсіптен алшақ кете алмайтынымыз белгілі. Өңірде түйе шаруашылығына қатысты біршама жобалар бастау алады. «Ауыл аманаты» аясында қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасы шеңберінде Алматы облысынан келген кәсіпкер Сыдық Давлетов Маңғыстауға 20 бас түйені табыстады. Біздің негізгі мақсатымыз – басқа аймақтардан және шетелден тасымалданатын азық-түлік көлемін азайту. Осы орайда, Маңғыстау облысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенінің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы өзектендіріліп, қайта бекітілді. Жол картасы аясында 2024-2026 жылдары 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 2024 жылы өңірде 3 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында шағын құс фабрикасы, жылыжай кешені және көкөніс сақтау қоймасы бар, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы маңызды бағыттардың бірі – балық шаруашылығы бойынша, 2023 жылдан бері Ақтау қаласында албырт балығының аналық үйірін қалыптастыру және инкубациялық цехын құру инновациялық жобасы іске асырылуда. 2024-2026 жылдары 8 инвестициялық жоба іске асырылуы жоспарланған.
Сонымен қатар, Нұрдәулет Қилыбай өңірдің туризм саласы жыл өткен сайын дамып келе жатқанын мәлімдеді. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша, барлығы 70 мың адамға қызмет көрсетіліп, оның ішінде сыртқы туристердің саны 5 мыңнан асты. Бұл салада көрсетілген қызметтердің көлемі 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,9%-ға өскен.
Сессия барысында Маңғыстау облысының «2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапаттау, сондай-ақ басқа да мәселелер қаралды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -