Маңғыстаулықтар паралимпиада қатысушыларын зор қошеметпен күтіп алды
10 қыркүйек күні паралимпиада федерациясының құрметті президенті Нұрдәулет Қилыбай бастаған өңір жұрты Парижде өткен паралимпиадада волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Ерболат Алтаев пен оның бапкері Құралбек Сеидовты салтанатты түрде қарсы алды.
- 28 жыл күткен олимпиадаға бару, лицензия алу әр спортшының арманы. Тренер немесе спортшы ретінде қуанышты сәт. Өзім спортты 9 жасымда бастаған екем. 28 жылдан кейін Азия Чемпионатына лицензия ойнатылды. Әдеттегі турнирлерге үйреніп қалыппыз. Ал ауқымды доданың атмосферасы да бөлек. Спортшыларымыз рухтанып, кәсіби тұрғыдан шыңдалып, дүбірлі додаларда да медаль алуға болатынына көздері жетіп, сенімі оянғандай. Паралимпиадада спортшыларға медициналық көмек көрсету жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жарыс кезінде протез сынып жатқанда мамандар тегін көмек беріп жатты,- деді Құралбек Сеидов.
Жақында ғана паралимпиада федерациясының құрметті президенті болып тағайындалған өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау мерейін өсіріп, абыройын асқақтатып келген параспортшыларға алғысын жеткізді.
-Сіздердің осынау дүбірлі додаға жолдама алып, қатысуларыңыздың өзі - қажырлы еңбек пен биік намыстың, өршіл руһтың жемісі. Сондықтан сіздер біз үшін жеңімпазсыз. Алдағы уақытта АҚШ-та өтетін кезекті олимпиадаға сәттілік тілеймін. Бұдан да жоғары нәтижелер көрсетеді деп сенеміз,- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, параволейболдан Қазақстан құрамасы дүбірлі додада жақсы ойын көрсетіп, үздік бестіктен көрінді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -