Маралдының көшелеріне асфальт төселіп жатыр
Күршім ауданындағы Маралды ауылының көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Жалпы алғанда үш шақырымға жуықтайтын ауылішілік жол асфальтталады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен Маралды ауылын абаттандыру, жарықтандыру, ауызсу тарту және жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған.
– Дәл қазір, шамамен, 300 метр жолға асфальт төселді. Жұмыс қарқыны жаман емес, – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС өкілі Бағлан Ұябаев.
Маралдыны бірқатар өзгеріс күтіп тұрғанын айта кетуіміз керек. Аталмыш елді мекен мен аудан орталығын байланыстыратын 75 шақырым жолдың 12,5 шақырымына асфальт төселген. Биыл Жол жылы аясында тағы 15 шақырымы асфальтталады.
– Яғни, кезең-кезеңмен 15 шақырымнан үш жыл көлемінде жүргізіледі. Сонымен қатар биыл Күршім-Қалжыр бағытындағы 131 шақырым жолдың 75-91 шақырым, 106-121 шақырым аралығы асфальтталады. Сөйтіп биыл Күршім ауданында жалпы ұзындығы 46 шақырым жолға асфальт төселеді, – деп түсіндірді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша Маралды ауылында абаттандыру, жарықтандыру және сумен жабдықтау жұмыстары басталды.
Сондай-ақ елді мекенде 1,6 шақырымға жарық тартылады. Қазір бұл жұмыс бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Оған қоса қыста хоккей корты, ал жазда футбол алаңы болатын әмбебап нысан салуға дайындық жүргізіліп жатыр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -