Мемлекет басшысының атына Құрбан айт мерекесіне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өзінің құттықтауында екі ел басшыларының саяси ерік-жігері мен ортақ іс-әрекетінің арқасында халықтарымыз арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, ынтымақтастық және тату көршілік қатынастар стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өткен. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тілеген.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров адамзатты мейірімділікке үндейтін осынау қасиетті күнде достас Қазақстан халқының барлық арман-ниеті орындалуына тілектестік білдіреді.
– Біздің елдеріміз арасында қалыптасқан тығыз әрі достық қарым-қатынас бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая түсетініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа денсаулық, зор бақыт, аса жауапты қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бейбітшілік пен тұрақтылық, бақ-береке тілеген.
– Бауырлас халықтарымызды ортақ мәдени-рухани құндылықтардан, соның ішінде бүкіл мұсылман үмбеті үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесінен бастау алатын берік достық қатынастар мен өзара тілеулестік біріктіреді, – деп жазған Тәжікстан Президенті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -