Наурыздың басталуына орай Жетісу облысында 3 мыңнан астам көшет отырғызылды
Бүгін Наурыз мерекесінің бастауы болған Көрісу күнінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында Жетісу облысында мыңдаған көшет отырғызылды. Мәселен, Талдықорғанда Қаратал өзенінің жағалауына 141 қарағай көшеті отырғызылса, Панфилов ауданында 3 мыңнан астам ағаш егілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған Талдықорғандағы көгалдандыру шарасына мемлекеттік қызметшілер, орман шаруашылығының өкілдері, жалпы белсенді тұрғындар – жалпы саны 100 адам қатысып, олар өзен жағалауының облыстық перинаталдық орталықтан Теннис кортына дейінгі аралығына ағаш екті.
Жалпы Талдықорған қаласы бойынша жыл бойы 12 мың жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызу жоспарланса, соның 2 мыңға жуығы көктемде, 10 мыңы күз мезгілінде отырғызылмақ.
- Наурыз мерекесінің басталу құрметіне «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ағаш отырғызу акциясын өткіздік. Бүгін қалада негізінен қарағай көшеттері отырғызылды, өйткені бұл ағаш түрінің экологияға пайдасы өте зор. Талдықорғанда ғана емес, бұл күні облыстың өзге өңірлерінде де осындай шаралар атқарылып жатыр, - дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Елдос Мырзабек.
Осы орайда Панфилов ауданы қылқан жапырақты ағаштың 10 түрін екті. Көшеттер мектептер аулаларына, скверлерге, көшелердің бойына отырғызылды.
Айналасын жас көшеттермен көмкерген білім ошақтарының бірі – Жаркенттегі жаңа мектеп.
- Мектебіміз жаңа, ішіндегі құрал-жабдықтары, кабинеттеріміз – бәрі заманауи. Бүгін, міне, мектептің айналасына бүгін ағаш егіп, көркейтіп жатырмыз. Енді бұл ағаштарды суарып, күтіп-баптауға біз, оқушылар, өзіміз атсалысамыз. Көгалдандыру – экологияны жақсартудың басты символы. Сондықтан осындай ағаш егу шараларына жыл сайын белсене қатысатын боламыз, - дейді Жаркенттегі «Жайлы мектептің» 10 сынып оқушысы Альбина Қалиева.
Атап өтсек, жалпы биыл облыс көлемінде 120 мың ағаш көшеті егіледі деп жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Талдықорған қаласының, Панфилов ауданының әкімдіктері ұсынды
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -