Облыста балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі
Абай облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру жүйесінде үш қолдау орталығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарындағы тәрбиеленушілер саны – 175, оның ішінде: жетімдер – 46 (26%), ата - анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 129 (74%). Ата-ана құқығынан айырылған – 118 (91%), ата-ана құқықтары шектеулі – 8 (6%), сот әрекетке қабілетсіз деп танығандар – 3 (3%).
Орталықтардан жыл сайын 35-тен аса тәрбиеленуші бітіреді. Оларды дербес өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу үшін балаларды қолдау орталықтарында 9-11 сынып түлектері арасында кәсіптік-бағдарлау жұмысы және олардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету жүргізіледі. Түлектер тегін техникалық және жоғары білім алады. Сондай-ақ, жатақханамен, тамақпен, киім-кешекпен, оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Көктемгі және жазғы каникул кезеңінде 2 АЕК мөлшерінде жол жүргені үшін медициналық көмек, стипендия және өтемақы беріледі.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің тәрбиеленушілерінің дербес өмірге бейімделуін жақсарту үшін облыста «Өмір мен мансапты жоспарлау» жобасы жұмыс істейді. Жобаны іске асыруға «АЗиЯ» ЖШС, «СемСпецСнаб» ЖШС, «Қаражыра» ӨК, «АЭС Шүлбі ГЭС» ЖШС, «Казцинк» ЖШС (сияқты өндіріс орындары атсалысуда. 2024 жылы осы бағдарлама бойынша 17 колледж түлегі жұмысқа орналастырылды.
Аймақ басшысы кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралған бұл сұрақ бойынша өз ойын ортаға салды.
«Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соған қарамастан, бұл сауапты істен қоғам да шет қалмауы керек. Біздің облысымызда түрлі өнеркәсіп орындары, зауыттар, бизнес саласында еңбек етіп жүргендер жетерлік. Соларда осы шараға атсалысып, көмектерін беруге себепші болуымыз керек. Тіптен өз қалауы бойынша әр қарапайым жерлесіміз үлес қоса алады», -деді облыс әкімі.
Тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылдың 9 айында 59 жетім бала пәтерге ие болса, жыл соңына дейін тағы 26 балаға баспана беру жоспарлануда. Балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінің баламалы шешімдерінің бірі «Отбасы банк» АҚ жинақтаушы шоттар ашу болып табылады.
Абай облысында 2024 жылдың ақпан айынан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау үшін «Мейірім» акциясы іске асырылуда.Бүгінгі таңда 222 бала облыстық басқармалардың, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің бөлімдерінің, денсаулық сақтау мекемелерінің, мектептердің, колледждердің және ЖОО ұжымдарына бекітілді. Сегіз ай ішінде 87 баланың шотына 28 млн теңгеден астам қаражат түсті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -