ШҚО-да өрт қаупі кезеңінің алдын алу шаралары өтуде
Ағымдағы жылы мемлекеттік орман қорының аумағындағы орман шаруашылықтарында 7 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттің жалпы алаңы 1,09 га құрады. Өрттің орташа алаңы өткен жылмен салыстырғанда 9,4 гектардан 0,16 гектарға дейін айтарлықтай қысқарған. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында, ШҚО бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсаинов мәлімдеді. Орманды жерлерді 1 213 адамнан тұратын арнайы орман қорғау тобы жүзеге асырады. Өрт сөндіру үшін 196 бірлік арнайы техника мен 3 мыңнан астам өрт сөндіру құрал-жабдықтары дайын күйде тұр. Олардың қатарына орман шашыратқыштар, мотопомпалар, бензопилалар және басқа да құралдар кіреді.Орман өрттерінің алдын алу мақсатында 90 км минералданған жолақтар құрылып, қолданыстағы 819 км минералданған аймақтарға күтім жасалды. Сонымен қатар, 340 ақпараттық аншлаг орнатылып, 26 тікұшақ алаңы дайындалды.-Соңғы бес жыл ішінде 170 орман өрті тіркеліп, олардың жалпы аумағы 15,8 мың гектарды қамтыды. Оның ішінде 8,4 мың гектар орманды жерлері зардап шеккен. Сол үшін өрт қаупі кезеңінің аяқталуына дейін барлық орман мекемелерінде кезекшілік ұйымдастырылған,- деді Мұрат Құсаинов. Орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында биыл 202 миллион 500 мың теңгеге 5 шынжыр табанды трактор сатып алынды. Сонымен қатар, 2025 жылы «Асу-Бұлақ» және «Самар» орман шаруашылықтарына ерте анықтау жүйелерін енгізу жоспарлануда. Бұл мақсатта 288 миллион 600 мың теңге көлемінде бюджет өтінімі дайындалды.Орман өртінің алдын алу және жою бойынша қабылданған шаралар, әсіресе орта мөлшеріндегі өрттерді қысқартуда, оң нәтижесін көрсетеді. Алайда, материалдық-техникалық базаны нығайту және мамандарды даярлау бойынша жұмыстар жалғасуда, бұл болашақта ормандарды өрттен одан да тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -