Спорт арқылы алдын алу: елордада жастар арасында спорттық жарыстар өтті
ASPAN спорт кешенінде 9-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері 4 спорт түрінен өзара сайысқа түсті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл іс-шара АИТВ инфекциясына қарсы күресті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Осы мақсатта ASPAN спорт кешенінде алғаш рет 200-ден астам 9-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері волейбол, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу спорттарынан сынға түсті.
«АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігі – 20-39 жас аралығында. Себебі көпшілік азамат қарапайым сақтану қағидаттарын білмейді. Интернетте осыған байланысты ақпараттар самсап тұрса да, оқи бермейді. Бүгінгі шарадағы біздің девизіміз – АИТВ-ге қарсы 5 минут уақытыңды бөл. Бұл ақпаратты білу арқылы болашағыңды да сақтай аласың. Оқушылар мен студенттердің көпшілігі спортқа жақын болғандықтан, осы жерді таңдауды жөн көрдік. Бүгінгі насихатымыз өз жемісін беріп, қатысушылар АИТВ-ге қарсы ақпаратты терең түсінеді деп ойлаймыз», - деді Астана қаласы «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК басшысы Канат Аскаров.
Бұл Астана қаласы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының бірінші шарасы емес. Қараша айынан бастап орталықтың қызметкерлері Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт, Білім басқармалары және т.б. ұйымдармен бірлесе отырып, елордада консультация, экспресс-тест өткізуде.
Жарысқа оралатын болсақ, бүгін волейболда 9 команда, асық атуда 16 команда, ләңгі тебуде 10 команда, арқан тартыста 7 команда жүлдеге таласты. Әсіресе, ұлттық ойынымыз – ләңгі тебуде Тәжікстаннан қоныс аударған 10-сынып оқушысы Әли Кәрімов өз шеберлігімен көпшілікті таңғалдырып, 300 ұпаймен қарсыластарынан оқ бойы озып кетті.
Жарыс жеңімпаздары бүгін анықталып, жүлдегерлерге арнайы кубок пен медаль табысталады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -