«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ
2024 жылдың 12 желтоқсанында Ұлытау облысының барлық өңірлерінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында түрлі бағыттағы экологиялық іс-шаралар өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, тұрғындардың экологиялық санасын арттыру және табиғатқа деген қамқорлықты насихаттау.
Облыстың барлық қала-аудандарының білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан», «Менің таза қалам», «Табиғатты аялайық!» сияқты экологиялық тақырыптарда ашық сабақтар мен сынып сағаттары ұйымдастырылды. Білім алушыларға қоршаған ортаға қамқорлықтың маңызы, табиғатты қорғау қажеттілігі туралы түсіндірілді.
«Мектебімізде экологиялық тәрбие бағытындағы ашық сабақтар, сынып сағаттарды өткізу дәстүрі бұрыннан бар. Сондықтан да, «Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы бері бұл жұмыс одан да жандана түсті. Мұндай іс-шаралар барысында қоршаған ортаға, табиғатқа, жануарға деген жақсы қарым қатынасты оқушылардың санасына сіңдіртуге тырысамыз», - дейді Жезқазған қаласы №1 жалпы білім беретін мектебінің педагогы Ақжарқын Токишева.
Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының жастары мен еріктілері бірігіп тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында брошюралар мен буклеттер таратты. Олар тұрғындарға қалдықтарды қайта өңдеу, энергия мен суды үнемдеу, табиғи ресурстарды сақтау, қоғамдық орындарда қоқыс тастамау туралы кеңестер берді.
Сонымен қатар, Жаңаарқа ауданының жастары «Ардағым-ардагерім» акциясы аясында ардагерлер мен қарттардың үйінің аулаларын қардан тазалап үлкен кісілердің алғысын алды.
«Таза Қазақстан» басталғалы бері жалпы саны 148 мыңнан аса адам, 1317 ұжым қатысты. Сондай-ақ, 1972 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды, нәтижесінде 3457 тонна қоқыс шығарылды, 264 кәсіпорын мен 224 әлеуметтік нысан тартылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -