ТЖМ қызметкерлері джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
27 қараша және 2 желтоқсан аралығында Польша Республикасы Миколув қаласында СOMBAT JU-JITsu бойынша әлем чемпионаты өтті. Бұл халықаралық жарысқа 32 елден 860 спортшы қатысып, өзара шеберлік көрсетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар арасында бәсекелестік жоғары болды.
Қазақстан атынан сынға түскендердің қатарында Шымкент қаласы ТЖД жүргізушісі Акбар Елубайұлы, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 өрт сөндіру бөлімінің технигі Талант Тоқтыбаев және ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру бөлімдеріне техникалық қызмет көрсету бөлімінің технигі Олжас Батырхан да болды. Жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызметімен қатар, спортта да табысқа жеткен спортшыларымыз бұл жолы да үздік екендіктерін дәлелдеп, жүлделі орын алды.
Акбар Елубайұлы 93 кг салмақта бірінші орынды алып, әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды. Ал Талант Тоқтыбаев 85 кг салмақта бірінші орын алып, алтын медальді иеленді және әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Олжас Батырхан 63 кг салмақта екінші орынды алып, күміс жүлдеге ие болды.
«Әлемдік аренадағы жеңіс біз үшін жеке жетістік қана емес, еліміздің барлық құтқарушыларының жеңісі. Бірінші кезекте біз ТЖМ мен министрге қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз. Ең бастысы біздің бүгінгі жеңісіміз ғана емес, кез келген төтенше жағдайда біз қай жерде болмасын көмекке келуге дайынбыз», - деп атап өтті чемпиондар.
Бұл жеңіс – спортшыларымыздың спорттық мансабындағы үлкен жетістіктерінің бірі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның джиу-джитсу спортының беделін халықаралық деңгейде көтеруге қосқан маңызды үлесі.
Спортшыларымыздың жеңісі – ел мақтанышы, олардың табандылығы мен еңбекқорлығы жас ұрпаққа үлгі. Осы жеңістерімен спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймыз және спорттық мансабында әрі қарай да табыстар тілейміз!
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -