ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ: МИНИСТР МЕН «ҚАЗАҚМЫС» ӨКІЛДЕРІНІҢ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Бүгін, 25 шілде күні, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар ғылыми-инновациялық хакатон қорытындысын шығарып, ғылыми-технологиялық саладағы ынтымақтастықты талқылады.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдерінің қатарында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов болды. Басқосуға сондай-ақ ҚР ҒЖБМ вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Аян Рамазан, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Камиль Акатов, Хакатонның әзірлеушісі және модераторы Олег Мецик қатысты.
Министр Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін дамыту және нығайту мақсатында ведомствоның жүргізіп жатқан реформалары, оның ішінде Орталық Азияда ғылыми-зерттеу академиялық хабын құру жөніндегі бастамаларға тоқталды. Бұл хабтың мақсаты – 2 миллиардқа жуық халқы бар елдердің аймақтарынан жастарды тарту.
«Қазіргі таңда 27 жетекші шетелдік университет Қазақстанда өз филиалдарын ашу туралы шешім қабылдады. Олардың бесеуі елде толыққанды кампустар салуды жоспарлап отыр, бұл білім беру инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болады», - деді ол.
Саясат Нұрбек сонымен қатар ғылым мен өндірістің байланысының маңыздылығына тоқталып, ғылыми кадрларды тікелей өндірістік кәсіпорындарда даярлау қажеттігін атап өтті. «Қазір біздің мақсатымыз – ғылыми кәсіпорындардың дамуына және ел үшін пайдалы болатын инновациялар жасауға көмектесу», - деді министр.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев өз кезегінде нәтижелі кездесу үшін алғысын білдіріп, шетелдік филиалдардың ашылуы шынымен де жаңа мүмкіндіктер ашатынын және ынтымақтастық көкжиегін кеңейтетінін атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде төрт техникалық тапсырманы әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Зерттеулер металлургиялық қожды қайта өңдеуді, шахта суларын әртүрлі мақсаттарда тазартуды, Абыз кенінен бағалы металдарды алуды ұлғайтуды және сандық анықтау жүйесін құруды қамтиды.
Сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы өзара әрекеттесуді күшейту үшін металлургия бағытында тағы бір ғылыми хакатон өткізу ұсынылды. Қызметкерлер мен студенттерге ішкі гранттар беру жоспарлануда, бұл ынтымақтастықты нығайтады және ғалымдарды бірлескен жобаларға тартады.
Кездесу бірлескен жұмысты жалғастыру мақсатында Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеу туралы уағдаластықпен аяқталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -