Жоғары аудиторлық палата Қазынашылық комитетінің қызметіне жүргізілген аудит қорытындыларын шығарды
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысында ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.
Орталықтандырылған қазынашылық жүйесі бастапқыда республикалық бюджетті тиімді басқару үшін құрылғаны атап өтілді. Алайда өткен 30 жыл ішінде қазынашылық органдарына жүктелген міндеттер тізбесі айтарлықтай кеңейді. Оған жергілікті бюджеттердің атқарылуына, Ұлттық қорға, Жәбірленушілерге өтемақы қорына қызмет көрсету жөніндегі функциялар, сондай-ақ орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу саласындағы міндеттер кірді.
Сонымен бірге жүргізілген аудит қазынашылық жүйесінің жұмысында оның тиімділігін төмендететін бюджет қаражатын басқару және төлемдерді жүргізу бөлігінде жүйелі кемшіліктерді анықтады.
Мысалы, Қазынашылық комитеті Бюджет кодексінің нормаларын бұза отырып, 2021-2023 жылдардың жекелеген айларында эмиссиялық бағалы қағаздарды бастапқыда жоспарланған көлемнен артық шығарған. Ал республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат қалдығының болжамы оң болған. Бұл 124 млрд теңгеден астам бюджеттің ықтимал шығындарына әкелді.
Отырыста Әлихан Смайылов қазынашылық органдары мемлекеттік мекемелердің шоттарынан төленетін негізсіз және заңсыз төлемдерге қарсы сенімді қалқан болуға тиіс екенін атап өтті. Алайда бюджеттік құрылыс жобалары бойынша төлем құжаттарына жүргізілетін бақылау жеткіліксіз екенін аудит нәтижелері көрсетіп отыр.
Мәселен, қазынашылық органдарының ағымдағы бақылауы растайтын құжаттың бар-жоғы тұрғысынан ғана жүргізіледі. Бұл жерде оның заңнамада белгіленген нысанға сәйкестігі, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалауларды растау туралы белгінің бар-жоғы тексерілмейді. Мысалы, Алматы қаласының Қазынашылық департаменті әкімшілік ғимараттардың бірін реконструкциялау шеңберінде 2,5 млрд теңгені құрайтын орындалған жұмыстардың құны туралы сол бір анықтама бойынша жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге екі рет төлем жүргізген. Мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталанған.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата төрағасы аванстық төлемдерге байланысты мәселелерге назар аударды. Мәселен, аумақтық қазынашылық органдары бюджет заңнамасының нормаларын бұза отырып, өткен жылдардағы аванстың өтелмеген сомасы бола тұра, сондай-ақ бұрын төленген аванстарды пропорционалды ұстап қалмай, жаңа аванстарды төлеуге берілген шоттарды орындаған.
Әлихан Смайылов бюджет заңнамасының талаптарын бұзатын төлемдерді жүргізу мүмкіндігін автоматты түрде бұғаттау үшін орталық қазынашылық аппараты қолданыстағы ақпараттық жүйені пысықтауы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар бірқатар себеп бойынша бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуын, мемлекеттік жобаларға қатысушылардың салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдерді төлеу толықтығын бақылауды әрдайым қамтамасыз ете алмайтын қазынашылық сүйемелдеу жүйесіне де қатысты көптеген сұрақ туындады.
Мәселен, жобаларды қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде қосалқы мердігерлер үшін мемлекеттік сатып алу шоттарын ашу мемлекеттік кірістер органдары жүргізген тәуекелдерді талдау нәтижелерін үнемі ескере бермейлі. Бұл жобаларға жосықсыз қосалқы мердігерлердің қатысуына әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шоттарынан төлемдерді ақшаны түпкілікті алушылардың банк шоттарына аударуды аумақтық қазынашылық органдары олардың тауарларды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметтерді өндіруші мәртебесін растамай жүзеге асырған.
Бейінді мемлекеттік органдар да қазынашылық сүйемелдеуді енгізу мақсаттарына қол жеткізуге мониторинг пен талдау жүргізбейді.
Жалпы, жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша:
70 рәсімдік бұзушылық және 15 жүйелі кемшілік анықталды; бюджеттің ықтимал шығындары 124 млрд теңгеден асты.Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған кемшілік пен бұзушылықты жою үшін тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді.
Бұл жұмыс нәтижелері электронды түрде тіркеле отырып бақыланатын болады.
Telegram-каналға жазылуАқпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -