11,1 мыңнан астам қазақстандыққа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды
2024 жылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша 11 126 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем (бұдан әрі – АӘТ) тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 11 816 адам өтініш білдірген.
Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3 034 адам жүгінді, оның ішінде 2 921 адамға тағайындалды.
Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 8 292 адам өтініш білдіріп, оның 8 205-іне тағайындалған.
Сондай-ақ, 450 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 80 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 160 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.
Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 524 адам, 4 көзден – 1 517 адам), Қостанай (2 көзден – 331 адам, ал 4 көзден – 1 024 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 271 адам, ал 4 көзден – 1 024 адам) облыстарында тіркелген.
Бұрын хабарланғандай 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.
БЖЗҚ деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады, жалпы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -