26 маусым «Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні»
1997 жылы БҰҰ азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекетке қарсы күрестің әрбіріміз үшін маңызды екенін еске салу үшін осы күнді бекітті.
1984 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Азаптауға қарсы конвенция адам құқықтарын қорғаудың халықаралық құқықтық жүйесінің негізі деуге болады. Қазақстан осы Конвенцияға 1998 жылғы 29 маусымда қосылды, содан бері біздің еліміз азаптау мен қатыгездікті жою бағытында елеулі қадамдар жасап келеді.
Елдегі жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар шеңберінде 2023 жылы азаптаулардың, басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе адамдардың қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алуға және сотталғандардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған заңға қол қойылды. Аталған заң азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікті және қатыгездік үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. Енді азаптағаны үшін шартты айып салынып, рақымшылық жасалмайды, бұрын өтіп-кеткендігі үшін қудалау тоқтатылмайды және татуласуға жол берілмейді.
Азаптау мен қатыгездікке қарсы іс-қимыл ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты қызметінің басты бағыттарының бірі. 2023 жылы азаптау туралы 165 өтініш қаралды. 424 рет жабық мекемелердің жай-күйін бақылау үшін барып, нәтижесі бойынша құзырлы органдарға 392 ұсыныс жолданды, 193 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 65 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Азаптау адам құқығын өрескел бұзу және зорлық-зомбылықтың ең сорақы түрлерінің бірі. Ол физикалық және психикалық денсаулыққа орны толмас зиян келтіріп, адамдарды қадір-қасиетінен және адамдық қалпынан айырады.
Осы маңызды күні біз жәбірленгендерге барынша қолдау білдіріп, азаптаудың алдын алу және оларды жасағандарды жауапқа тарту бойынша жұмысты күшейтуге шақырамыз.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -