Ақтөбе облысында 300-ге жуық отбасыға дайын баспана сатып алынды
Облыс әкімі Асхат Шахаров Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетовпен бірге су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Ақтөбе қаласынан берілген үйлерді аралап көрді.
Алдымен меймандар жас отбасы Айбек Тасеновтің үйіне барды. Бұған дейін Азф-6 бау-бақша ұжымында тұрған олардың қуанышында шек жоқ. Алтынорда ықшам ауданынан берілген үйі - екі бөлмелі.
Өңір басшысы мен қор директоры жаңа қоныс иесі Айгүл Рамадановаға да құтты болсын айтты. Су тасқынан зардап шеккен тұрғынның бұрынғы Увд-4 бау-бақша ұжымындағы үйі апаттық жағдайда. Екі бөлмелі, іші әрленген баспана кілтін алған жерлесіміз көзіне жас алып, қиын жағдайда көмектескен баршаға алғысын жеткізді.
Еске салайық, күні кеше облыс әкімі Асхат Шахаров қордың директоры Марат Айтмағамбетовпен бірге Ақтөбе қаласында баспанасы қалпына келтіруге келмейтін 44 отбасыға пәтер кілттерін табыстады.
Болат Өтемұратов қоры баспанасыз қалған ақтөбеліктерге жақын арада тағы 56 пәтер сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тамыз айында Қобда ауданында тапсырылады деп жоспарланған шамамен 150 үйдің құрылысы қарқынды. Қор 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Ақтөбе аймағындағы 400-ден астам отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр.
Жалпы, облыста 517 үй салынуда. 300-ге жуық отбасы екінші нарықтағы, дайын үйге көшіп барды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -