Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 8,5 млрд теңге бөлінді
Өңір басшысы Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен аппарат жиынында «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, «Ауыл аманаты» бойынша құны 10 миллиард теңгені құрайтын 1444 құжат қарауға ұсынылған, бұл бөлінген сомадан 1,5 миллиард теңгеге артық.
Жалпы сомасы 6,5 млрд теңге болатын 945 жобаны жүзеге асыру үшін несие берілді. Құны 2 миллиард теңге болатын тағы 294 жоба мақұлданған, алайда әзірге қаржыландырылмаған. Құны 1,5 млрд теңге болатын 205 жоба қарастырылып жатыр. Мақұлданған 294 жобаға несие берілсе, жоспарланған 8,5 млрд теңге қаражат толығымен игерілмек.
Басқарма басшысының сөзінше, мақұлданған 294 жоба иесі кепіл шартына қол қойып, тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеуі қажет. Содан кейін құжаттар «Ақтөбе» ӘКК-не беріледі. Бұл жұмыстар үш-төрт күн ішінде аяқталуы керек. Сондай-ақ қате рәсімделген кепіл құжаттары белгіленген мерзім ішінде түзетілуі қажеттігі де айтылды.
Жобалардың көпшілігін Алға, Қарғалы, Шалқар, Хромтау аудандары тұрғындары тарапынан ұсынылып, мақұлданған.
Баяндамашыны тыңдаған облыс әкімі құжаттарды тіркеу үдерісін жеделдетуді тапсырды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аудан тұрғындарына үлкен қолдау болып отыр. Бағдарлама аясында қомақты несие қаражаты беріліп, көптеген жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылды. Көптеген жеке кәсіпкер тіркелді, бұл жергілікті тұрғындардың аталған жобаға үлкен қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.
Жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлікке бет бұрып өз идеяларын белсенді жүзеге асырып, табысын арттырып жатқанына куә болып отырмыз. Бұл экономикалық жағдайды жақсартып қана қоймай, ауылдарымыз бен қалаларымыздың әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына да септігін тигізеді. Адамдардың өз кәсібін дамытуға, жаңа қызмет түрін ұсынуына, жұмыс орындарын ашуға деген ынтасын қолдау қажет», — деген облыс әкімі тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -