Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің теңізшілерін үйлеріне салтанатты түрде шығарып салды
Ақтау қаласындағы әскери пирсте белгіленген мерзімде қызмет еткен әскери-теңіз базасының 173 теңізшісі Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік туымен салтанатты түрде қоштасты.
Олар бір жыл ішінде теңіз жаяу әскерлерінің десанттық шабуыл батальонында, әртекті кемелер дивизионында және Әскери-теңіз базасының коменданттық ротасында қызмет етті.
Қызметін аяқтаған әскери теңізшілерді Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасының, әскери-теңіз базасы қолбасшылығының өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері құттықтады.
– Сіздер өз әскери борыштарыңызды абыроймен орындап шықтыңыздар. Мемлекеттік және халықаралық іс-шараларда ел Қарулы Күштерінің мерейін үстем еттіңіздер. Сіздердің күш-жігерлеріңіз бен қызметке деген адалдықтарыңыз жоғары бағаға лайық. Әскерде алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз азаматтық өмірде де кәдеге жарайды деп сенеміз, – деді штаб бастығы – әскери-теңіз базасы командирінің бірінші орынбасары 2-дәрежелі капитан Рустам Жүнісов.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәті жауынгерлік дайындықта және «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуында ерекше көзге түскен матростарды марапаттау болды. Оларға алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табысталды. Запасқа шығарылған барлық әскери қызметшілер естелік сыйлықтар алды.
– Әскери-теңіз күштері қатарында қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бірлігі бекем, ұйымшыл команданың құрамында болдым. Алдымызда жаңа өмір күтіп тұр. Әскер бізді көп нәрсеге үйретті. Әрқайсымыз туындайтын қиындықтарды жеңе алатынымызға сенімдімін, – деді десанттық-шабуыл бөлімшесінің командирі 2-дәрежелі старшина Хусейн Богучаев.
Күзгі әскерге шақыру аясында Ақтау гарнизонында орналасқан әскери бөлімдерден 1500-ге жуық мерзімді қызметтегі әскери қызметші запасқа шығарылғанын айта кету керек.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -