Алматыда әскери жоғары оқу орнының курсанттары Отанға адал болуға ант берді
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында бірінші курс курсанттарының әскери ант беру рәсімі өтті.
Іс-шараға оқу орнының жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ курсанттардың туыстары мен жақындары қатысты.
– Әскери ант қабылдай отырып, әрбір жауынгер әскери істі адал зерделеуге, қырағы болуға, әскери және мемлекеттік құпияны қатаң сақтауға ант береді. Осы міндеттемелердің орындалуы Қарулы күштердің жауынгерлік қабілеттілігін сақтауға кепіл болмақ, – деді Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайрат Дауытов.
Биыл институтқа 270-тен астам курсант қабылданды. Олардың ішінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижеге қол жеткізген 64 мерзімді қызмет сарбазы және келісімшарт бойынша 4 әскери қызметші бар. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің 22 түлегі институттың екінші курсына алғаш рет тікелей қабылданып отыр. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы шеңберінде курсанттар қатарына Қырғызстанның жеті азаматы да қабылданғанын айта кету керек.
– Бүгін біз әскери ант бердік. Мен командирлердің сенімін ақтауға және таңдаған мамандықтың қыр – сырын табанды меңгеруге тырысамын, – деп атап өтті курсант Ғалым Төлегенұлы.
Ант бергенге дейін бірінші курс курсанттары жас жауынгердің бір айлық курсынан өтіп, атыс, саптық, дене шынықтыру негіздерін меңгеріп, жалпы әскери жарғылардың негізгі ережелерін зерделеді. Бейімделу кезеңінен сенімді өткен жас курсанттар оқу бағдарламаларын игеруге дайын.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -