Ғани Бейсембаев жеке мектептердің педагогтерімен кездесті
Оқу-ағарту министрі жеке орта білім беру ұйымдарының І республикалық конференциясы алаңында педагогикалық ұжымдармен, жеке мектептер қауымдастығының басшыларымен және өкілдерімен кездесті.
Ғани Бейсембаев конференцияда сөйлеген сөзінде мемлекет тарапынан білім беру ұйымдарына меншік нысанына қарамастан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап айтты. Мәселен, тек биылғы жылдың өзінде 250 мың бала білім алатын жеке мектептерге бюджеттен 161 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.
«Тағы бір маңызды қадамды айта кетуіміз керек. Мәжілісте бүгінгі таңда Үкіметтің бастамашылық етуімен заң жобасы қаралып жатыр, онда жеке мектептерде білім алатын әлеуметтік осал отбасы балаларына мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде әлеуметтік көмек көрсету туралы норма бар. Бұл дегеніміз, жеке мектептерде оқитын балаларға да жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен қажетті оқу-құралдарын алуға қаржылай қолдау көрсетіледі және олар тегін ыстық тамақтандырумен қамтылады. Бұл мемлекеттің жеке секторға қолдау көрсетуінің айқын дәлелі бола алады. Білім беру ұйымдарының меншік түріне қарамастан басты міндеті – еліміздің сапалы адами капиталын қалыптастыру. Әрбір бала сапалы білім алып, қауіпсіз әрі жайлы ортада дамуы керек», - деді министр.
Елімізде 8 мыңнан астам мектепте 3,9 млн бала білім алып жатыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында соңғы үш жылда жеке мектептердің саны 3 есе артты. Бүгінде 800-ден астам жекеменшік мектепте 250 мыңнан астам бала оқуда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -